“Дала үні – домбыра”: республикалық фестивальда Әзірет Сұлтан мешітінің молдасы жүлделі ІІ орынды иеленді (ФОТО)

Астана қаласында “Дала үні – домбыра” атты 1-Республикалық рухани-мәдени фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ел көлеміндегі облыстар мен қалалардан арнайы келген қатысушылар ұлттық өнер мен руханиятты ұштастырған бұл шарада өз өнерлерін ортаға салды.
Аталған фестивальға әрбір өңірдегі мешіттерден “Дін мен дәстүр” бағытына жауапты имамдар мен ұстаздары болды.Астана қаласы өкілдігінен қатысқан Әзірет Сұлтан мешітінің молдасы Әділ Сақиұлы өз талантымен көпшіліктің көңілінен шығып, екінші орынды иеленді. Сонымен қатар, жүлдегерге қаржылай сыйлық табысталды.
Салтанатты шарада Қазақстан Республикасы Дін істері комитетінің төрағасы Әнуар Хатиев, Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Қайролла Дүйсешұлы, сондай-ақ Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы сөз сөйлеп, рухани мұра мен ұлттық дәстүрді ұштастыра білген бұл шараның маңыздылығына тоқталды. Олар қатысушыларды құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
Фестивальге қатысушылардың барлығы жоғары деңгейде өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Әзірет Сұлтан мешітінің молдасы Әділ Сақиұлының жүлделі ІІ орын алуы – мешіт ұжымы мен Астана қаласы өкілдігі үшін үлкен қуаныш әрі мәртебе.
Суреттер топтамасын "ФОТОГАЛЕРЕЯ" айдарынан көре аласыздар!