БАС МҮФТИ АҚТАМАҚ ҚАЛПЕНІҢ ЗИРАТЫНА ҚҰЛПЫТАС ОРНАТУ РӘСІМІНЕ ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы тарихи «Қараөткел» зиратына арнайы барып, көрнекті дін қайраткері Ақтамақ қалпеге арналған құлпытас орнату рәсіміне қатысты.
Игі жиында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Ел арасында Ақтамақ қалпе атанып кеткен қазақ халқының діни-рухани тарихында ерекше орын алатын көрнекті дін қайраткері Ахмет Ғұсманұлының зиратына басып келген қадамдарыңызға Алла мол сауаптан жазсын. Ескерткішті қоюға атсалысқан имамдарымызға, барша азаматтарға Жаратқан жар болсын! », – деп дұға етті.
Ақтамақ қалпе ХХ ғасырдың басында Ақмола өңірінде діни-ағартушылық қызметімен танылған. 1918 жылы Ақмолада үшінші махалланы ашып, сол мешіттің имамы болу үшін Уфа қаласынан муфтидің арнайы шаһадатнамасын алған.
Ол шәкірт тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Белгілі дінтанушы Сәдуақас Ғылмани мен өлкетанушы Мейрам Сәрсетұлының деректеріне сүйенсек, Ақтамақ қалпе 500-ге жуық білікті молда даярлаған.