«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ «ЛУДОМАНИЯ – ҚОҒАМ ДЕРТІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ІС-ШАРА ӨТТІ (ФОТО)

«Әзірет Сұлтан» мешітінде Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіптің басшылығымен «Лудомания – қоғам дерті» тақырыбында рухани-танымдық жиын өтті.
Іс-шараға «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы, Астана қаласы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Күлсара Бекет, спортшы, мотивациялық жаттықтырушы, «Берік Адам» жобасының авторы Берік Молдабаев, Астана қаласындағы Диспансерлік бөлімшенің учаскелік психиатр дәрігері Назым Жарасбекқызы және мешіттің дін қызметкерлері мен жамағаты қатысты.
Жиын барысында бүгінгі күні қоғам мүшелеріне дерт болып жабысқан лудоманияның шығу себептері мен одан құтылудың және алдын алудың рухани һәм физикалық, психологиялық жолдары терең талқыланды. Спикерлер осы бағытта өздерінің ізденістері мен пайдалы ақпараттарын ортаға салып, қатысушылар тың мәліметтерге қанықты. Жиын соңында қала бас имамы спикерлер мен қатысушыларға алғысын білдіріп, мешіт атынан естелік сыйлықтарын ұсынды.
Лудомания – адам өмірінде негативті тұрғыдан басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық тұрғыдан және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы. Азарт адамдарды тек материалдық шығынға ұшыратып қана қоймай, рухани тұрғыда да азғындыққа ұшыратады.
Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыз!