«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ «ИМАНИ ЖАЗ – 2025» ЖАЗҒЫ САУАТ АШУ КУРСЫ АЯҚТАЛДЫ (ФОТО)

24 маусым 2025 314 0
Оқу режимі

Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Имани жаз – 2025» жазғы сауат ашу курсы өз мәресіне жетіп, құлшылық ордасында жабылу салтанаты өтті.

Іс-шараға Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов бастаған мешіт қызметкерлері, шәкірттер мен олардың ата-аналары қатысты.

Ерболат Нұрылдаұлы өз сөзінде: «Құрметті ата-аналар, ұлағатты ұстаздар, қадірлі жамағат! Ардақты жас шәкірттеріміз! Бүгін, Алланың қалауымен, «Әзірет Сұлтан» мешітінде өткен жазғы сауат ашу курсының сәтті аяқталуына куә болып отырмыз. Жаратқан Иемізге шүкіршілік айтамыз, жазғы курс аясында бүлдіршін шәкірттеріміз мешітке келіп, Құран әліппесін үйреніп, имани білім алып, жақсы мен жаманды ажыратуды үйренді. Курстың ерекшелігі – тек діни сауат ашумен шектелмей, қазақтың ұлттық салт-дәстүрімен сабақтастырылғаны. Балалар рухани құндылықтарды да бойына сіңірді. Ұстаздарымыз белсенді жұмыс атқарды. Бізге сенім артқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Балаларыңыз елге, жалпы мұсылман қауымына пайдасын тигізетін отаншыл азамат, азаматша болып өссін!», деп ізгі тілегін білдірді.

Сондай-ақ, салтанатты іс-шара барысында бүлдіршін шәкірттерге арнайы сертификаттар мен алғыс хаттар (арнайы өткен жарыс жеңімпаздарына) табысталды. Курс аясында ұстаз ретінде әр топта қызмет атқарған медресе шәкірттеріне де арнайы алғыс білдірілді.

Кеш соңында қариялар ақ батасын беріп, қала бас имамы мешіт ақсақалына құрмет көрсетіп, хадия ұсынды.

Суреттерді толығырақ «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыз!

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру