Астанада IV республикалық «Әдемі әуезді азаншы» жарысының іріктеу сайысы өтті

2025 жылғы 3 шілде күні ҚМДБ Астана қалалық өкілдігіне қарасты «Al FATTAH» мешітінде IV республикалық «Әдемі әуезді азаншы» байқауының өңірлік іріктеу кезеңі өтті.
ҚМДБ-ның «Құран» секторының ұйымдастыруымен өткен бұл сайысқа елорда мешіттерінен 10 үміткер қатысып, өзара бақ сынасты.
Жарыстың шымылдығын Астана қаласының бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы ашып, азанның діндегі орны мен рухани маңызына кеңінен тоқталды.
Байқау үміткерлердің тәжуид ережелерін сақтауы, мақам орындау шеберлігі мен дауыс үйлесімі бойынша бағаланды. Қазылар алқасы құрамында белгілі қари-ұстаздар — Жұманазар қари Садырханов, Серік қари Ахметов және Ерболат қари Шаудырбай болды.
Байқау қорытындысы бойынша, «Әзірет Сұлтан» мешітінің азаншысы Қайнар Базархан бірінші орынды иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Екінші орынды — Мухит Көпжасар, үшінші орынды — Азамжан Яхияхожаұлы, төртінші орынды Рүстем Бауыржанұлы қанжығасына байлады.
Сайыс жеңімпаздары мен барлық қатысушыларға қаржылай сыйлықтар мен арнайы марапаттар табысталды.