АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ ОСЫ ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК АЗАНШЫСЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығына орай Қарағанды қаласында өткен «Әдемі әуезді азаншы» VI республикалық байқауының жеңімпазы – «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Қайнар Базарханға Астана қаласының Бас имамы қазақы құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.
Салтанатты сәт елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде өтті. Шараға мешіт жамағаты да қатысып, жас азаншыға ақ батасын берді. Бас имам оның еңбегін ерекше атап өтіп, азаншылық өнерін дәріптеу – Ислам дініндегі үлкен сауапты іс екенін айтты.
Азан жайында Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) күнімізге дейін жеткен көптеген хадис-шәрифтер бар. Мәселен, Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Адамдар азан шақыру мен намаздың алдыңғы сапында тұрудың не екенін (қайыры мен сауабын) білсе және бұған қол жеткізу үшін жеребе тартудан басқа шарасы болмаса, міндетті түрде жеребе тартар еді!»[2]. Міне, азан шақырудың қаншалықты ізгі амалдың қатарына жататындығын Алла Елшісінің (с.ғ.с.) осы және осыған ұқсас басқа да хадистерінен түсінуге болады.
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі