АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ «AL-FATTAH» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ (ФОТО)

Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов «Al-Fattah» мешітінде «Исламда жол ережесінің мәдениеті (Адам өмірінің маңыздылығы)» тақырыбында жұма уағызын айтты.
Елорда имамы жұма уағызында қоғамдағы әрбір адамның қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін жол қозғалысы тәртібін сақтаудың діни маңызын атап өтті. «Ислам – тек құлшылық емес, бүкіл өмірдің тәртіп пен жауапкершілікке негізделген жол картасы. Жол – соның бір көрінісі» деді Ерболат Нұрылдаұлы.
Бас имам уағызда Құрандағы: «Кім бір адамды өлімнен құтқарса, бүкіл адамзатты құтқарғанмен тең» («Мәида» сүресі, 32-аят) деген аятты келтіріп, жолда әрбір адамның амандығына жауапты болу мұсылмандық борыш екенін түсіндірді.
Сондай-ақ, ол Пайғамбар хадистеріне сүйене отырып, жол ережесін сақтамау – күнәлі іс, ал тәртіптілік – имандылықтың көрінісі екенін айтты. «Жолдағы жауапкершілік – шариғат талаптарының бірі. Жол – аманат, көлік жүргізуші – жауапты адам», деді.
Жұма уағызында адам өмірінің исламдағы құндылығы, жолдағы қауіпсіздікті сақтау, рөлге отырған адамның рухани дайындығы, сүннеттер мен дұғалар, сондай-ақ Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көлік жүргізуге байланысты өсиеттері кеңінен қамтылды.
Жұма уағызынан кейін жамағат бас имамның тағылымды насихатына ризашылығын білдіріп, дұға жасалды.
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі