АСТАНА ИМАМДАРЫНА ҒҰЛАМАЛАР КЕҢЕСІНДЕ ҚАБЫЛДАНҒАН ШАРИҒИ ҮКІМДЕР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ (ФОТО)
.jpg)
«Әл-Ғани» мешітінде өткен елорда имамдарының алқалы жиынында Ғұламалар кеңесінде қабылданған пәтуалар таныстырылды.
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің Астана қаласы өкілдігі бойынша жауапты маманы Тамирлан Дарханұлы «Зекеттің қаржысына үй алып беруге бола ма?» деген сауал төңірегінде шариғи үкімдерді баяндап шықты.
Аталмыш мәселе бойынша Ханафи, Малики, Ханбали, Шафиғи мазһабтарының көзқарастарын мысалға келтіре отырып, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің төмендегі шешімін оқып өтті: «Дәулетті адам кедейге зекетті нисаптың мөлшеріндей (мыс, 85 гр алтынның құнын) немесе одан көбірегін беру – мәкруһ, бірақ парыз мойнынан түседі. Жұмыс істеуге шамасы келмейтін мұқтаж адамға үй сатып алуға жететін қаражатты зекет ретінде беруге болады».
Айта кетсек, Ғұламалар кеңесінің шешімі – қазіргі қоғамда жиі туындайтын сұрақтарға нақты жауап беру қажеттігін көрсетеді. Осы орайда, зекет қаржысының мұқтаж адамға үй алып беруге жұмсалуына қатысты үкім – діни жоралғылардың әлеуметтік әділеттілікпен ұштасуын айғақтайды.
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі