Жұма намаздың құтпасына қатысу шарт па?

06 мамыр 2025 157 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкүм, сұрайын деп едім. Жұма намаздың құтпасына қатысу шарт па?

 


Жауап

Құтпа деп бұл жерде жұманың екінші азанынан кейін имам кісінің мінберге шығып, Алланы еске алып, салауат айтып, насихат жасап, ең соныңда дұға жасаумен аяқталатын рәсім көзделуде.

Құтпа - жұма намаздың айырылмас шарты екендігіне ғалымдарымыз бір ауыздан келіскен[1]. Яғни, құтпа айтылмай бірден намаз оқылса, жұма намазы жүзеге аспайды. Бұл жағдайда құтпаны айтып, қайтып намаз оқу керек болады. Оған қоса құтпаны кемінде бір немесе үш адам тыңдау да шарт болып табылады[2]. Құтпа айтылып бірақ ешбір адам қатыспаса, жұма намазы орындалмайды.

Жалпы барлық мұсылман ер азаматтарына тек жұма намазына оқып қана қоймай, құтпаға қатысулары да - уәжіп амал. Алла Тағала Құранда былай дейді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا نُودِيَ لِلصَّلَاةِ مِن يَوْمِ الْجُمُعَةِ فَاسْعَوْا إِلَىٰ ذِكْرِ اللَّهِ

 وَذَرُوا الْبَيْعَ ۚ ذَٰلِكُمْ خَيْرٌ لَّكُمْ إِن كُنتُمْ تَعْلَمُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Жұма күні азан айтылып намазға шақырылғанда, дереу (құтба тыңдап, намаз оқу арқылы) Алланы зікір етуге асығыңдар, шаруаларың мен сауда-саттықты доғара тұрыңдар. Біле білсеңдер, бұл өздерің үшін әлдеқайда қайырлы болмақ»[3].

Аяттағы “Алланы зікір етуге асығыңдар” жайында тәпсірші ғалымдарымыз жұма құтпасы мензеліп жатқаның бір ауыздан айтуда[4]. Бір жағынан асығындар деп бұйрық келіп тұр, екінші жағынан сауда саттықты доғарындар деп құтпа тыңдауға, жұма намазға кедергі келтіретін барлық шұғылдардан бас тартып құтпаға қатысуға әмір келуде[5].

Ендігі мәселе: жұма құтбасына кешігіп келіп, тек жұма намазының парызына қатысқан адамның жағдайы не болмақ? Жоғарыда айтылғанды еске алсақ, ондай адам уәжіпті тастағаны үшін күнәға бататынын түсінеміз. Соған қарамастан, жұма намазының парызы оның мойнынан түсіп, құлшылық атқарылған болып есептеледі. Хадисте бұл жайында былай айтылады:

        مَن أدركَ ركعتَهُ من الجمعةِ فقد أدركَ الصلاةَ فليُضِفْ إليها أُخرَى

“Кімде-кім жұма намазының бір ракағатына үлгірсе, ол жұмаға үлгірген болып саналады. Сондықтан оған бір ракағат қосып жіберсін[6]”.

Яғни, жұмаға бір адам екінші ракағатына ғана келіп қосылса, ол адамға қалдырып кеткен әуелгі ракағатынды толықтыр деп айтылып жатыр. 

Қорытынды: Жұма құтпасына ер кісіге қатысу - уәжіп. Құтпаға әдейі кешігіп, тек намазға келсе - намазы дұрыс, бірақ уәжіпті тәрк еткені үшін күнәһар болады.

 

Астана қаласының пәтуаға жауапты маманы Дарханұлы Тамирлан

 


[1] Ахмад ибн Мухаммад әл-Құдури, “Мұхтасару-л-Қудури” кітабы, 120-шы бет.

[2] Ахмад ибн Мухаммад Ә-т-Тахтауи “Хашияту Тахтауи аля мароқил-фалах”, 2-ші том, 222-ші бет.

[3] “Жұма” сүресі, 9-шы аят.

[4] Махмуд ибн Ахмад әл-Бұхари, “әл-Мухиту-л-Бурхани фи-л фиқһи-л-Нұғмани” 2-ші том, 62-ші бет.

[5] Махмуд ибн Ахмад әл-Бұхари, “әл-Мухиту-л-Бурхани фи-л фиқһи-л-Нұғмани” 2-ші том, 62-63 ші беттер.

[6] Ибн Мажа жеткізген хадис

Пікірлер Кіру