НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ МЫСЫР МҮФТИІМЕН КЕЗДЕСТІ

16 желтоқсан 2025 93 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Мысыр еліне жасаған сапары аясында Мысыр Араб Республикасының Бас мүфтиі Назир Аяд мырзамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар ислам құндылықтарын дәріптеу, пәтуа беру ісіндегі өзара ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ қазіргі заман талаптарына сай діни мәселелерге ғылыми негізделген ортақ ұстаным қалыптастыру бағыттарын талқылады.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Мысыр елінің ислам өркениетіндегі орны айрықша екенін атап өтіп, ғасырлар бойы фиқһ, ақида, тәпсір және хадис ілімдерінің дамуына сүбелі үлес қосқан ғылыми мектептердің бүгінгі күні де мұсылман әлеміне бағыт-бағдар беріп отырғанын жеткізді.

Кездесуде жаһандық сын-қатерлер жағдайында пәтуа беру жауапкершілігінің арта түскені сөз болды. Атап айтқанда, заманауи салаларда туындайтын мәселелер бойынша бірлескен ғылыми пәтуалар әзірлеу, ғалымдар арасында тәжірибе алмасу және тұрақты ғылыми диалог орнату қажеттігі айтылды.

Тараптар ҚМДБ қызметкерлері мен қазақстандық жас ғалымдар үшін Мысыр мүфтияты, «Дар әл-Ифта» және әл-Азһар оқу орындары базасында тағылымдамалар мен қысқа мерзімді оқу бағдарламаларын ұйымдастыру мәселесін де талқылады.

Кездесу соңында тараптар екі ел арасындағы өзара түсіністік пен сенімге негізделген ынтымақтастық алдағы уақытта да нығая түсетініне сенім білдірді.







 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру