НАИБ МҮФТИ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖИЫНҒА ҚАТЫСТЫ

Мысыр Араб Республикасы Пәтуа беру орталығының ұйымдастыруымен 12-13 тамыз күндері Каир қаласында «Жасанды интеллект дәуірінде дұрыс пәтуа берудің әдіс-тәсілдері» тақырыбында X халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Екі күнге созылған алқалы жиынға әлемнің 70-ке жуық елінен мүфтилер, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Конференцияға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан екі өкіл – Төраға орынбасары, наиб мүфти Кенжетай Дүйсенбай және Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл қатысты.
Басқосуда жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында пәтуа берудің маңыздылығы мен жауапкершілігі, сондай-ақ оны тиімді пайдалану жолдары жан-жақты талқыланып, пікір-ұсыныстар ортаға салынды.
Сапар аясында Қазақстан делегациясы әл-Азхар халықаралық академиясының басшысы профессор Мұхаммад ад-Дуайнимен кездесіп, имамдардың білімін жетілдіру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Хусамуддин ас-Сығанақи ислам институты Құран ижазасы орталығы мен медресе-колледждерге мысырлық ұстаздарды жіберу жөнінде келісімге қол жеткізілді.