МӘУЛІТ АЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

24 тамыз 2025 68 0
Оқу режимі

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

Құрметті жамағат!

Баршаңызды ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген қасиетті Мәуліт айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа амандық пен шаттық, береке мен бірлік тілеймін. Алла Тағала баршамызды Өзінің шынайы құлы, сүйікті Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) лайықты үмбеті етсін!

Мәуліт айы – Пайғамбарымыздың өнегелі өмірін насихаттап, сүннет амалдарын дәріптеудің, дініміздің асыл құндылықтарын ұлықтаудың берекелі мүмкіндігі. Бұл айда мешіттерде Аллаға мадақ айтылып, Пайғамбарымызға салауат жолданады, мәуліт жыры оқылады.

Алла Тағала Құранда: «Расында, Алла және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтіргендер! Сендер де оған салауат айтып, сәлем жолдаңдар» («Ахзаб» сүресі, 56-аят) деп бұйырған. Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім маған бір салауат айтса, Алла оған он салауат айтады» деген. Тағы бір хадисте: «Кім маған бір салауат айтса, оған Алла он салауат айтады, оның он күнәсін кешіреді әрі дәрежесін он есеге көтереді» деп сүйіншілеген.

Демек, салауат айту – өзіміз үшін қайырлы әрі мол сауапқа жетелейтін ізгі амал. Сондай-ақ Пайғамбарымыздың сүннетін ұстану – Алланың разылығына жақындатар жолдың бірі.

Алла Тағала баршамызға өнегелі өмір сүріп, ұрпағымызға үлгі болуды нәсіп етсін! Мәуліт айы мүбәрак болсын! Әумин!

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру