Елорда имамдарының біліктілігін арттыру семинары өтті

09 сәуір 2026 50 0
Оқу режимі

Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіповтің бастамасымен Діни білім және кадр дайындау бағыты аясында елорда имамдарына арналған біліктілікті арттыру семинары өтті.

Ғылыми басқосуда ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, білікті ұстаз Сансызбай Құрбанұлы арнайы дәріс оқыды.

Дәріс барысында усул фиқһ (ислам құқықтануының әдіснамасы) тақырыбы кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, шариғат үкімдерінің негіздері – Құран, сүннет, ижма және қияс ұғымдарына тоқталып, оларды дұрыс түсіну мен қолданудың маңыздылығы айтылды. Сонымен қатар, діни мәтіндерді талдаудағы қағидалар, үкім шығарудағы әдістер және қазіргі қоғамдағы мәселелерге шариғи тұрғыдан жауап беру жолдары жан-жақты қарастырылды.

Наиб мүфти имамдарға усул фиқһ ілімінің тереңдігін меңгеру – пәтуа беру мен халыққа дұрыс бағыт көрсетуде аса маңызды екендігін атап өтті. Әсіресе, заманауи сұрақтарға жауап беру кезінде дәлелге сүйену, асығыстыққа жол бермеу және ғылыми ұстанымды сақтау қажеттігіне баса мән берілді. Семинар барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, көкейдегі сұрақтарына жауап алды.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру