БАС МҮФТИ ХӘКІМ АБАЙДЫҢ 180 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сайын даламыздың ұлы ойшылы, хәкім Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Өз құттықтауында Бас мүфти Абай Құнанбайұлының халқымыздың рухани биігі, мұсылмандық пен адамгершілік құндылықтарды дәріптеген дара тұлға екенін атап өтті. Сондай-ақ оның «Қара сөздері» мен өлеңдерінде имандылық, сабыр, адалдық, білімге құштарлық секілді асыл қасиеттердің кеңінен насихатталғанына тоқталды.
«Данышпан Абай үшін мұсылмандық – тек сыртқы ғибадат емес, ол ішкі жүрек тазалығы мен адамгершілік қасиеттер арқылы өлшенетін терең жол. Ойшыл бабамыз: «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» дейді. Бұл – нағыз байлықтың адалдықта екенін ұғындырады. Мемлекет басшысы, қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлының «Адал азамат» идеясын ұсынуы – қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алатынын меңзейді.
Қадірлі қауым!
Осынау мерейлі мерекеде баршаңызға амандық, отбасыларыңызға береке, елімізге тыныштық пен бірлік тілеймін. Хәкім Абайдың өнегелі өмірі мен өшпес мұрасы ұрпақ жадында мәңгі жасай берсін!», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі