ЖАНСАРАЙЫҢА МЕЙІРІМ ҰЯЛАТАТЫН ЕҢ ТИІМДІ АМАЛ

Жаныңда жүрген жақын жандар жасаған қиянат — жүрекке ауыр салмақ салады. Мұндай кезде пенде нәпсісі кек алуға, қарымта қайтаруға дайын тұрады. Ал жүрек — кешіруге шақырады. Осы сәтте адамның рухани деңгейі, Аллаға жақындығы мен тақуалығы сыналады.
Бір күні әзіреті Әбу Бәкір қызы Айшаға жала жауып, қаралағандардың қатарында туысқаны – Мистахты да көріп, қатты ренжиді.
Мистах – әзіреті Әбу Бәкірдің кедей туысқаны еді. Оған бұрыннан көмектесіп жүретін. Әзіреті Әбу Бәкір оның опасыздығын білгенде:
«Мен бұдан былай оған бір тиын да бермеймін!» – деп ант ішеді.
Осы оқиғаға байланысты Алла Тағала аят түсіреді:
«Араларыңдағы игі жақсылар мен дәулетті жандар туған-туысқа, кедей-кепшікке және Алла жолында һижрет еткендерге (тіпті, олар жаза басып, алдарында айыпты болып қалса да) мүлдем қарайласпаймын деп серт етпесін. Керісінше, ғафу етіп, кеңшілік жасасын. Әлде, Алланың өздеріңе кешірім жасағанын қаламайсыңдар ма?!» (Нұр сүресі, 22-аят)
Әбу Бәкір бұл аятты естігенде көзіне жас алып:
«Әлбетте, мен Алланың мені кешіргенін қалаймын» – деп, бұрынғыдан да көбірек көмектесе бастады. Бұл әрине үлкен жүректі талап ететін биік деңгей.
Ендеше, әзіреті Әбу Бәкірдей жасаймын дегендер өздерін ренжіткен адамды кешіргені дұрыс. Тіпті бұл оқиғадан байқағанымыздай, ондай адамдардың жасаған опасыздығы оларға жасап жүрген жақсылығымызды тоқтатуға себеп емес екен. Тағы да қайталап айтсақ, бұл – тақуалықтың ең биік деңгейі, кешірімнің асқақ межесі Әбу Бәкірлердің мақамы.
Иә, әр адам Әбу Бәкірдей бола алмас. Бірақ сол жолға ұмтылу – кемелденуді мұрат еткен әр адамның мақсаты болуға тиіс.
Ең болмаса “әлсіздігі сыр берген пенде ғой” деп кешірім жасап, алыстан араласу эмоциялық күйді сақтаудың тиімді жолы.
Бірақ, кешіріміңді әлсіздік біліп, төбеңе шығып басынғысы келетіндерге де қателігін көрсету аса даналықты талап ететін өте нәзік іс.
Көңілге қаяу салып ренжіткен адам үшін “Раббым, пәленше құлыңның қатесін кешіріп, Өзіңнің салиқалы құлдарыңның қатарына қос! Менің де жүрегімді өкпе-реніштен тазалап, күнәларымды кешіре гөр. Біз сенің мейірім-рақымыңа аса мұқтажбыз” деп сырттай игі дұға жасау – жүрек тазартудың шипалы дауасы. Жансарайыңа мейірім ұялататын ең тиімді амал.
Қайрат ЖОЛДЫБАЙ