ҚОЖАҒА ТОПЫРАҚ ШАШУ

Қожаға топырақ шашу науқаны белең алғалы біраз болды. Енді оған өзім құрметтейтін інім Мүбарак Көкбөрі бауырым да үн қосыпты. Әуелгіде үнсіз қалғанды жөн көргем. Бірақ мәселе руға емес, дінге келіп тірелген соң үнсіз қала алмадық. Оның үстіне екі санын шапаттаушылар қатары да арта түсуде. Солар діннен шығып кетпес үшін де лепес шығаруға тура келді.
Білген жөн, Қожа – ру да, ұлт та емес. Ол – рухани миссия, пайғамбарлық өнегенің, нұрлы шежіренің жалғасы. Көкбөрі болса Қожалардың тегін парсыдан, соғдыдан, тіпті тибеттен іздеп, қасиетті әулеттің нұрлы тарихын генетикалық кодқа ыдыратқысы, бір сөзбен айтқанда, қожалықты – әруақты, ғылымды, рухты емес – хромосома мен гаплогруппаға сиғызғысы келеді. Бірақ Қожалық – жермен емес, жүрекпен өлшенетін мәртебе.
Қожалар – Алланың елшісінен тараған сейіттер мен шарифтердің ұрпағы, яғни Мұхаммед ﷺ пайғамбарымыздың қызы Фатимадан (р.а.) және күйеу баласы Әлиден (р.а.) шежіре дәлел бола алады. Бұл – Насабнамада айқын жазылған, шежіресі шегенделген, мөрі соғылған ақиқат. Бұны қожалар шежіресінен ғана емес, түркілік, арабтық, парсылық жазба мұралардан да табасыз.
Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың өзі осы шежіре негізінде Орта Азияда исламның рухани байрағын көтерген тұлға. Қожа деген ат – түркіленген форма ғана. Ал түп-тамыры – хуажа (хожа) – ұстаз, ғұлама, жол көрсетуші. Бұл сөзді парсымен, соғдымен шатыстырып, бір аймақтың атымен ғана байлап қою – рухани мәртебені географиялық түкпірге көміп тастау.
Ал Генетика – Қожалықтың өлшемі емес
Қожаларда R1a екен, R2 екен, C2 екен деген сөздер – әулие сүйегін микроскоппен зерттеп, нұрды сантиметрмен өлшеумен бірдей. Бүгінгі ғылым – рухты емес, тәнді ғана көре алады. Ал Қожалық – тәннің емес, рухтың тұқымы.
Мәселен біз – Қорасан Қожалары – сонау исламның алғашқы ғасырларында араб түбегінен Хорасан арқылы Самарқан мен Сығанаққа, Түркістан мен Сайрамға дейін жетіп, тілімізді түркіге, жүрегімізді Аллаға бейімдеген сопы әулеттерміз. Тасқа таңба басқандай шежіреміз бар. Сопылық іліміміз, тариқат жолымыз, бабаларымыздың кесенесі – бәрі де осы жолдың дәлелі.
Қожалық – қызметпен дәлелденген ұлылық.
Қожа –қараңғыға шам жаққан, надандыққа білім апарған, ішкі пердені ашқан қасиетті рух.
Қожа – Алтайда да, Атырауда да, Құланда да, Түркістанда да рухқа қызмет еткен асыл текті әулет. Әулиелігі де, абыздығы да, тектілігі де – жер емес, Жаратқанның қалауымен берілген.
Егер қожалықты генмен өлшесек, онда пайғамбардың өзі кімнің қанынан шықты деп сынауымыз керек пе?! Бұл – рухани соқырлық.
Иә, Қожалар арасына кейіннен қосылғандар болды. Түркілерден де, парсылардан да, соғдылардан да. Бірақ олар Қожалықты қан арқылы емес, тәлім мен тәрбиемен, ұстаздықпен, сопылықпен дәлелдеді. Бұл – ислам өркениетінің табиғи заңдылығы.
Сондықтан, егер сіз Қожаның тегін талдамақ болсаңыз – сөзі мен ісін зерттеңіз. Ол қайдан келсе де, қай тілде сөйлесе де – Алла мен адам арасындағы көпір бола алса, ол – Қожа.
Қожалық – бұл нәсіл емес, міндет.
Қожалық – тектілік, әрі тазалылық.
Қожалық – генетика емес, жәннатқа жол сілтеу.
Қожалық – жермен емес, жаратқанмен байланысты шежіре.
Сондықтан бүгін Қожалар жайлы жазып жүрген әр адам өз сөзінің салмағына жауапты болуы тиіс. Қасиетті әулетті қарабайыр қисынға құрбан етпей, оған лайық әдеппен, ізетпен, біліммен қарағаны жөн.
Иә, мұсылмандық әсте-әсте…
***
(генетикаға емес, рухани шежіреге сүйенейік)
Қазақ қоғамындағы ерекше рухани топтардың бірі – Қожалар қауымы. Олар ислам дінін таратып, шариғат пен сопылық ілімді орнықтыру жолында еңбек еткен, өз заманының оқымысты, ұстаз, дін қайраткерлері ретінде танылған. Алайда соңғы кезде Қожалар тегі жайлы кейбір авторлар этникалық, генетикалық, географиялық жорамалдарға сүйене отырып, Қожалық мәртебесін рухани ұғымнан қандық-ұлттық сипатқа ысырып жіберуге тырысып жүр.
Байыбына барсақ, Қожалар – ислам әлемінде пайғамбар Мұхаммедтің ﷺ қызы Фатима мен күйеу баласы Әли ибн Әбу Талибтен тарайтын Сейіттер мен Шарифтердің ұрпағы. Орта ғасырлардағы мұсылман елдерінде «Қожа», «Сейіт», «Имамзаде» секілді атаулар пайғамбар әулетіне қатысты қолданылып келген. Түркілер арасында «Қожа» сөзі – діни білімі бар, сопылық жол ұстанған, ұстаздық еткен әулеттердің жалпы атауы ретінде қалыптасты. Қазақ жерінде олардың рухани ықпалы зор болған.
Орта Азияда Қожалар Ташкент, Бұхара, Самарқан, Түркістан, Сайрам, Сығанақ секілді қалаларда білім ордаларын ашып, діни-ағартушылық қызмет атқарды. Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб, Сейіт Батақ, Мүсірәлі сопы, Сунақ Қожа, Шәмші Қожа, Бақсейіс Қожа – осындай рухани әулеттерден шыққан тұлғалар.
Қожалар арасында шежіре сақтау дәстүрі ежелден бар. «Насабнама» деп аталатын бұл шежірелер пайғамбардан тараған текті жазып отыратын ресми рухани құжат. Ол тек ауызша дәстүрмен емес, жазбаша түрде де бекітіліп, мөрленіп, сенімді таратушылар арқылы жеткізіліп отырған.
Тарихшы Ж. Артықбаевтың пайымынша, қазақ шежіресінде Қожалар «Қожа – Сейіт – Мәулен – Мұса Қазим – Жафар Садық – Мұхаммед Бакир – Әли Зайналабидин – Хусейн – Әли – Мұхаммед» тізбегімен таратылады. Бұл деректер парсылық «Тарих-и Табари», арабша «Сийар аълам ан-нубала», түркіше «Рисала-и сулук» сияқты сопылық шығармалармен де үндес келеді.
Қазақ шежіресіндегі Қожалар – тек шежірелік мәртебе иелері емес, тарихи рөл атқарған тұлғалар. Олардың ықпалы мен қызметі – генетикалық емес, рухани-мәдени құндылық.
Білген жөн. Генетика – Қожалықты анықтайтын құрал емес.
Кейбір зерттеушілер Қожалар арасында R1a, R2, C2, J2, G, L тәрізді гаплогруппалар кездесетініне сүйене отырып, олардың тегін парсы, үнді, түркі, тибет немесе соғды тектестермен байланыстырып жүр. Алайда бұл бағытта бірнеше ғылыми-критикалық шектеулер бар:
Бір гаплогруппа бірнеше этноста кездесуі мүмкін. Мысалы, R1a Еуразияның көптеген халықтарына тән – үнділерде де, түркілерде де, славяндарда да бар.
Генетика адамның діни немесе рухани санатын анықтай алмайды. R1a немесе C2 болуы – адамның тек этникалық тегінің бір ықтимал нұсқасы ғана.
Қожа – этностық емес, рухани-сопылық институт. Яғни, бұл әлеуметтік-миссиялық ұғым. Оны генмен өлшеу – руханиятты биологиялық түсінікке шектеу.
Пайғамбар ұрпағын генмен анықтау – қазіргі ғылымның этикалық шекарасынан тыс. Әлемдегі сейіттер мен шарифтердің көпшілігі мұндай анализден өтпегенімен, олардың шежірелік беделі мойындалған.
Басы ашық жәйт, қожалық – сопылық пен рухани қызметке негізделген әлеуметтік институт.
Орта Азияда Қожалар ислам дінін тарату, діни мектептер ашу, білім беру, тариқат жүйесін енгізу арқылы халық санасына ықпал еткен. Олар ақсүйек емес – әулие, дінбасшы емес – жүрек басшы.
Қожа Ахмет Яссауидің Құл Қожа Ахмет аталуындағы «құл» сөзі – тектілік емес, тәуба мен қызметтің белгісі. Қожалықтың мағынасы да осыған саяды: тектің емес, тазалықтың, қанның емес, құлдықтың, ілімнің емес, кемел руханияттың иесі болу.
Бір сөзбен айтқанда, Қожалар – қазақ тарихындағы діни-ағартушылық жолдың жарқын өкілдері. Олардың шежіресін генетикалық картаға емес, рухани картаға қарап оқыған жөн. Насабнама – сол рухани шежіренің құпия коды. Ол – ғалымдардың ДНҚ үлгісінен гөрі, бабалар жолын тікелей жалғап жатқан сенім құжаты.
Қожалықты шынайы танығыңыз келсе, ол адамның шежіресін ғана емес, жүрегіндегі жарықты, ұлты емес – үмметке істеген қызметін, қан емес – Құранмен байланысын іздеңіз.
Сонда ғана біз Қожаларды тарихтың емес, руханияттың биігінен көре аламыз.
Құдияр БІЛӘЛ