ҚАЙЫРЫМДЫ АДАМ

21 тамыз 2025 235 0
Оқу режимі

Баяғыда бір кісі болыпты. Бір күні базарға барып көкөніс сатып әкеледі. Үйіне жетіп, арбасын қаңтарғанда барып саудагерлер мұны алдап, көкөністің орнына көп тас салып жібергенін байқайды. Бірақ ол өте момын кісі еді. Қайтып барып шу шығарып, саудагерлерді қарғап-сілеп әуре болмады. Өз тіршілігін жалғастыра берді.

Міне, содан бері қырық жыл өткен екен. Бір күні баяғы момынның есігін сақалы белуарына түскен қос қария қағады.

- Амансың ба, - дейді екеуі де бірдей амандасып, - баяғыда сені алдап кеткен саудагерміз ғой. Сенен кешірім сұрауға келдік. Бізді кешірші, - деп аяғына жығылады.

Бірақ момын екеуін тұрғызып алып, құшақтайды.

- Ол жағдай менің есімде. Мен сендерді сол күні кешіргенмін. Тастарыңмен ауладағы тесіктерді бітедім.

- Ал, біз қырық жылдан бері жүрекке салмақ салып, көңіліміз күпті болып, ішімізге диірменнің тасын артып жүрміз, - депті кешірім алып, жеңілейіп қалған қос саудагер.

Аударған Шынар Әбілда

 

Пікірлер Кіру