ҚАРЛЫҒАШҚА БОЛЫСУ!

11 шілде 2025 88 0
Оқу режимі

Қарлығаштың ұясын бұзбау үшін жұмысынан да бас тартуға дайын екенін айтқан азаматтың видеосын көрдік. Әсерлендік. “Қарлығаш әулие атанған” Төле би бабамыздың жолынан ауытқымаған ұрпақтың әлі де жалғасып келе жатқанына куә болдық. Бір оқырманымыз “жігіттің жасағаны дұрыс па, бұрыс па?” деп пікір сұрапты.

Жер басып жүрген жан-жануарлар мен құстар өз алдына бір үмбет (“Әнғам” 6/38), бұлардың барлығы Жаратқанын кемшіліктен пәктеп, ұлықтап, Оны зікір етеді (“Жұма”, 62/1).

Сондықтан да, нақақтан-нақақ бір торғайды өлтіргеннен Жаратқан Қияметте есеп сұрайтынын хадистерден жақсы білеміз (Дарими, “Әдахи”, 16; Нәсаи, “Дахайа”, 42).

Ұясынан құстың балапандарын алып келген адамның маңайынан шыр-пыр боп айналшықтап кетпей қойған құсты көрген Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әлгі адамды азарлап, дереу кері апаруын әмір еткенінен де хадистерден хабардармыз (Әбу Дәуіт, “Жиһад”, 112; Әбу Дәуіт, “Жәнаиз”, 1).

Шөл қысқан итке су берген адамға Алланың разы боп, күнәсін кешіргенін (Бұхари “Шурб”, 9), мысықты аштан-аш қамап қойып өлтірген әйелдің тозақтық екенін де (Бұхари, “Әнбия”, 54) Пайғамбарымыздың хабарларынан оқып-білгенбіз.

Мініс көлігіне артық жүк тиеуден, тіпті ат не түйе үстінде ұзақ әңгімелесіп тұрудан да дініміз тияды (Әбу Дәуіт, “Жиһад”, 55).

Ардақты Елшіміз малдың өзін қинамай сою үшін көзінен таса жерде пышақты әбден қайрауды әмір еткен (Мүслим, “Сайд”, 57). Тұяқ серпіп жеңіл жан тапсыру үшін де бір аяғын байламай бос жіберу де – сүннет. Міне, мейірімділікке насихаттаған осындай діннің өкіліміз.

“Мейірімділік танытпаған мейірімділікке бөленбейді” (Бұхари, “Әдеп”, 18) деген Пайғамбардың үмбетіміз.

“Залалы тие берсе мұқым жанға,

Рахымсыз, қайырымсыз боп қысылғанға,

Не дүние, не болмаса ақиретте 

Болар-ақ бір қиындық шыбын жанға!” (Шәкәрім) деген бабаның ұрпағымыз.

Сондықтан да, қарлығашқа болысқан мейірімді жанның әрекеті оң! Жер кең ғой, құбырды басқа жерден де өткізуге болады. Пайғамбарымыз да күшіктерін емізіп жатқан итті мазаламау үшін басына күзет тігіп, Меккеге бет алып бара жатқан жер қайысқан әскерінің басын басқа жаққа бұрып, айналып өтті емес пе?!

 

Салтан САЙРАНҰЛЫ

Пікірлер Кіру