НАДАНДЫҚ - БҰЛ ЖҮРЕКТІҢ ӨЛІМІ

13 шілде 2025 103 0
Оқу режимі

Надандық - бұл жүректің өлімі. Білім – көз алдыңа сәуле түсіріп, қараңғылықты жояды.

Расында, жаһил, надан кісі - өлік! Оның тәні тірі болғанымен рухы өлі, жүрегі өлі. Оның денесі, тәні – қабір, мола, табыт! Ондай кісі жер бетінде жүрген табыт.

Сондықтан, Алла Тағала былай деген: «Өлі біреуді тірілтіп, оған адамдардың ішінде онымен жүретін жарық қылсақ, ол, қараңғылықтарда қалып одан шыға алмайтын біреу құсаған бола ма?» (Ән’ам сүресі, 122-аят).

Алла Тағала тағы бір аятта былай дейді: «Расында, бұл бір үгіт және ашық Құран. Тірі кісілерге ескерту, кәпірлерге байланысты сөз шынға шығу үшін» (Ясин сүресі, 69-70-аяттар).

Сондай-ақ Алла Тағала былай дейді: «Шынында, сен өліктерге естірте алмайсың. Әрі бұрылып, қашқан саңырауларға да дауыс естірте алмайсың» (Нәмл сүресі, 80-аят).

Алла Тағала тағы былай дейді: «Алла әлдекімді қаласа, естіртеді. (Мұхаммед) сен қабірлердегі біреулерге естірте алмайсың» (Фатыр сүресі, 22-аят).

Қараңыздар, Алла Тағала жүрегі өлі кісіні қабірдегі кісімен теңестіріп жатыр. Сен оларды естірте алмайсың! Олардың рухы өлі. Жаны жоқ болып, өз денесіне жерленіп, көмілген. Яғни, олардың денесі – оның табыты, қабірі. Қабірде жатқан мәйітке айқайлап естірте алмайтының секілді оларға да ақиқатты естірте алмайсың. Егер кісі білім мен иманды сезінбесе, білім алу арқылы, иманды еске алу арқылы жүрек қозғалысқа келмесе, демек, расында, ондай жүрек – өлі!

Имам Ахмад өзінің «әз-Зуһд» деген кітабында Лұқман хакімнің өз ұлына айтқан сөзін келтіреді: “Әй, ұлым! Білім иелерімен бірге бол! Солармен бірге отырып, тізеңді олардың тізесіне тигіз! Расында, Алла Тағала жерді жаңбыр арқылы тірілткені тәрізді өлі жүректі даналық нұрымен тірілтеді”.

Му’аз ибн Джабал (Алла оған разы болсын) мынадай ғажап сөздерді айтқан: “Білім алыңдар, білімге үйреніңдер! Шындығында, білім алу – бұл Алланың алдындағы қорқыныш. Білім талап қылу – бұл ғибадат-құлшылық. Білімді қайталау – тасбих. Білім іздену – жиһад. Білімі таяздарды білімге үйрету – бұл садақа. Білімге лайықтыларға білім беру – бұл Аллаға жақындатар сауапты іс. Себебі, білім – харам мен халалды ажыратып беруші. Себебі, білім – Жәннатқа бастар жолдың шамшырағы. Білім – жалғыздықта жан досың. Білім – жат жерде жолдасың, сапарласың. Өйткені, білім – біреузің қалғандағы сұхбаттасың. Білім – бақыт пен бақытсыздықтың не екенін көрсетуші. Білім – жауға қарсы қару. Білім – жора-жолдастың арасында әшекей. Алла Тағала білім арқылы кей халықтарды үстем етіп, жақсылықта жетекші, басшы етіп қояды. Білім иелерін Алла Тағала жетекші имам етеді, оның ізінен ел ереді. Алла оларды үлгі-өнеге қылады, жұрт оған қарап бой түзейді. Періштелер білім иелерімен дос болғысы келіп, оларға қанаттарын тигізеді. Ылғалы да, құрғағы да олар үшін Алладан кешірім сұрайды. Тіпті теңіздегі балық та, құрлықтағы барлық жануарлар мен жәндіктер де олар үшін истиғфар айтады. Өйткені, білім – жүректі надандықтан құтқарып, өмір беретін нәр. Білім – көз алдыңа сәуле түсіріп, қараңғылықты жояды. Білім арқылы кісі адамдардың ішіндегі ең жақсысына айналады. Осы дүние мен о дүниеде биік дәрежелерге жетеді. Білім туралы ойлану – оразамен тең. Білімді оқып-зерттеу – түнгі таһаджуд намазымен тең. Білім арқылы туыстық қарым-қатынас сақталады. Білім арқылы Алланың рұқсат еткені мен тыйым салғанын үйренеміз. Білім – амалдардың жетекші имамы. Ал амалдар білімге еруші ізбасарлар. Білім тек бақыттыларға нәсіп болады. Одан тек шын бақытсыздар ғана мақұрым қалады”.

 

Пікірлер Кіру