Мұсылмандардың амандасуы

06 мамыр 2025 323 0
Оқу режимі

Бір мұсылман, екінші мұсылман бауырымен ұшырасып қалса: «Ассаләму ғалейкум», «уа ғалейкум ассәләм» деп екі қолдап амандасып жатады. Бұлайша амандасу қазақтың бойына қайдан дарыды? Қалай ойлайсыз?

Қазақ даласына сегізінші ғасырда Ислам дінінің келуімен қазақ халқына амандасудың бұл түрі дәстүр боп қалыптасса керек. Ата-бабамыз қош көріп, қабыл алып, бұлайша амандасу дәстүрі қазіргі таңдағы жаңа қазақтың, яғни біздің тілімізге де жеткен екен, неге біз бас тартпақпыз? Бұлайша амандасу адамның мұсылман екенін ерекшелеп тұратыны анық.

Сіздер осылай амандасудың тарихымен жіті таныссаңыздар имандарыңыз  күшейе түседі. Ислам іліміне терең үңілген сайын түпсіз тұңғиығына тоймай сүңги бересіз. Тек жалықпай, ерінбей  сабырмен, ықылас білдірсеңіз жүрегіңізде Аллаһқа деген үлкен махаббат оянғанын сезбей қаласыз.

Ассаләму аләйкум – «сізге Аллаһтан есендік, амандық пен тыныштық болсын» деген мағынаны білдіреді. Уа ғалейкум ассәләм – «сізге де Аллаһтан амандық, есендік пен жақсылық тілеймін» деген сөз. Негізінде бұлай амандасуды «Ибраһим» сүресінде Аллаһ тағала  мұсылмандарға дәстүр болады деген. Ал сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде сәлемдесу мәселесіне егжей-тегжей көңіл бөлген.

Сіз жұтқан ауа мен есепсіз ризық-несібенің Иесі болған Аллаһ Құранда былай дейді: «Сондай иман келтіріп ізгі іс істегендер. Раббыларыңның рұқсатымен ішінде мәңгі қалатын астынан өзендер ағатын жәннаттарға кіргізіледі. Олардың жаннаттағы амандасулары – «сәлем» болады» («Ибраһим», 23).

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бір адам келіп: «Иә, Расул Аллаһ (с.ғ.с.)! Исламдағы ең жақсы амал қандай?» – деп сұрағанда. Расул Аллаһ (с.ғ.с.): «Мұқтажды тамақтандыруың және танысаң да, танымасаң да кездескенмен сәлемдесуің», – деп жауап берген (имам Бухари, имам Муслим).

Ал, келесі хадисте: «Толық иман келтірмейінше, жәннатқа кіре алмайсыңдар. Араларыңда сүйіспеншілік орнықпайынша, толық иман келтірген болмайсыңдар. Араларыңда сүйіспеншіліктің орнығуына себеп болатын нәрсені айтайын ба? Өзара сәлемдесіңдер» (Әбу Һурайрадан имам Муслим келтірген).

Егер сіздерден біріңіздің жәннатқа кіргісі келсе, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиетіне амал етсін.

 Сәлемдесудің мұсылмандар арасындағы маңыздылығы

1. Мұсылмандардың бір-бірімен сәлемдесуі екі мұсылманның мойнындағы міндеті тәрізді.

2. Мұсылмандардың бір-бірімен сәлемдесуі мұсыл-мандар арасында адамгершілікті, сүйіспеншілік пен құрметті тудырады. Бір-біріне жек көруін, жауласуын, кек сақтауын жояды.

3. Мұсылмандардың бір-бірімен сәлемдесуі – кішіпейілділікке, мейірімділікке үйретіп, мақтан-шақтықты, тәкәппарлықты басады.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) келесі хадисінде:

Әбу Һурайра (р.а): «Аллаһтың елшісі (с.ғ.с.): «Аллаһ тағала Адамның (ғ.с.) бойын отыз шынтақ етіп жаратты. Сөйтіп оған: «Барып аналарға сәлем бер! Кейін олардың саған берген жауабын тыңда. Сол сенің және сенің үмбетіңнің сәлемі болмақ», – деді. Ол жақта топ-тобымен періштелер отырған болатын. Адам (ғ.с.) барып періштелерге: «Ас-Саләму ғалейкум», – деп сәлем береді. Олар: «Ас-Саләму ғалайка уа рахматуллаһи», – деп жауап қатты» деді» деген хабарды айтады.

Хадиске түсінік берер болсақ, сізге сәлем берген кісіге, оныкінен де жақсырақ етіп қайыру. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіне амал етіп, сүннетін әрі қарай жалғастырып, дәл пайғамбарымыздікіндей сәлем беріп, сәлемді алу. Егер бір кісі «Ассаләму ғалейкум», – десе, екіншісі «Уа ғаләйкумус-саләм уа рахматуллаһ», – деп жақсырақ етіп амандасу сүннет. Араб тілінен аударғандағы қазақша мағынасы: «Сізге Аллаһтың амандығы болсын», – деп амандасқан кісіге: «Сізге де Аллаһтың сәлемі  жаусын», – деп сәлем қайырады.

Ал, мұсылман бауырыңыз: «Ассаләму ғалейкум уа рахматуллаһи!» – деп сізге сәлем берсе, сіз: «Уа ғаләйкумус-саләм уа рахматуллаһи уа баракатуһу!» – деп ол кісінікінен абзалырақ етіп сәлем беріңіз. Сонда барып Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан сауапқа ие боласыз. Міне, мына хадис сөзіміздің дәлелі болсын.

«Нәбиге (с.ғ.с.) бір адам келіп: «Ассаләму ғаләйкум» (Сіздерге Аллаһтың амандығы болсын), – деді. Нәби (с.ғ.с.) оған жауап бергеннен соң ол адам отырды. Нәби (с.ғ.с.): «Он», – деп айтты. Осыдан соң екінші  адам келіп: «Ассаләму ғаләйкум уа рахматуллаһ» (Сіздерге Аллаһтың сәлемі мен рахметі болсын), – деді. Нәби (с.ғ.с.) оғанда жауап бергеннен соң, ол адам жайғасады. Нәби (с.ғ.с.): «Жиырма», – дейді. Осыдан соң үшінші адам келіп: «Ассаләму ғаләйкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ» (Сіздерге Аллаһтың амандығы, рахметі мен берекеті болсын), – дейді. Нәби (с.ғ.с.): «Отыз», – деп айтты».

Бұл жерде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «он», яғни бірінші келген адамның: «Ассаләму ғалейкум», – деп сәлемдескені үшін он сауап, «Жиырма», яғни екінші келген адамның: «Ассаләму ғаләйкум уа рахматуллаһ», – деп сәлемдескені үшін жиырма сауап, «отыз», яғни үшінші келген адамның: «Ассаләму ғалейкум уа рахматуллаһи уа бәрәкәтуһ», – деп сәлемдескені үшін отыз сауап алғаны жайында айтылған (хадисті имам Дауд және имам Тирмизи риуаят еткен).

Сәлемдесу әдептері

Мұсылман амандасқан уақытта даусын көтеріп сәлем берген дұрыс, ауыз жыбырлатып, басын изеп амандасу сүннетке жат. Бұлайша яһудилер сәлемдеседі. Егер сәлем беретін кісіңіз ұзақта тұрса, ишара білдіріп сәлемдесіңіз. Бөлмеге кіріп келгенде көпшілік болса, дауыстап амандасып, арасында құлағы естімейтін кісілер болса алдына барып қолмен, ишарамен сәлем берген мақұл.                                                                                                    Егер мәжіліске, оқу залына, сыныпқа кіріп келсеңіз де, шықсаңыз да сәлем беріңіз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жөнінде: «Сендерден, бірің жиынға келсе, ондағыларға сәлем берсін. Кететін болса да сәлем берсін. Себебі бірінші сәлемдесудің міндеттілігі, екінші сәлемдесу артық емес», – деген, яғни екі ретте де сәлемдесудің маңыздылығы зор.

Аллаһ тағала «Ниса» сүресінде: «Егер сіздерге сәлем берілсе оныкінен жақсырақ етіп қайтарыңыз, ең болмаса өзінікіндей етіп қайтарыңыз», – деп әмір етеді.

Мұсылмандар амандасқанда қалыптасқан дәстүр бойынша екі қолдап ер азаматтар жағы сәлемдеседі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Екі мұсылман кездесіп қол алысатын болса, олардың күнәлары екеуі айырылысудан бұрын кешіріледі», – деп айтқан (Имам Әбу Дауд риуаят еткен).

«Мен Анастан (р.а.): «Нәбидің (с.ғ.с.) сахабалары сәлемдескенде қол алысатын ба еді?» – деп сұрағанымда, ол: «Иә», – деп жауап берді» деген хабарды имам Бухари жеткізеді.

Айша анамыздың (р.а.): «Зайд ибн Хариса (р.а.) Мадинаға келген уақытта Нәби (с.ғ.с.) менің үйімде еді. Зайд ибн Хариса есікті қаққанда Нәби (с.ғ.с.) оны қарсы алу үшін киімін сүйреткен күйде есікке қарай жүрді. Кейін пайғамбар (с.ғ.с.) Зайд ибн Харисаны (р.а.) құшақтап сүйді», – деп айтқан хадисін имам Тирмизи келтіреді).

Кімде-кім бірінші  сәлем берсе, мол сауапқа ие болады. «Әт-Туфайл ибн Әбу Кағб (р.а.) әдетте Абдулла ибн Омарға (р.а.) келіп, кейін екеуі бірге базарға баратын.

Әт-Туфайл ибн Әбу Кағб айтады: «Біз базарға барғанымызда Абдулла ибн Омар (р.а.) кімге кездессе де, ол ескі-құсқыны сатушы, саудагер кедей немесе жай бір адам болсын, оларға сәлем бермей жанынан өтпейтін. Бір күні мен әдеттегідей Абдулла ибн Омарға (р.а.) келгенімде ол мені базарға шақырды. Сол уақытта мен: «Сен базарға барғанда не істейсің, бір нәрсе сатып алмайсың. Ондағы заттың бағасын сұрамайсың және өз заттарыңа баға қоймайсың. Не болмаса базарда жиналғандарға қосылмайсың, оданда бізбен бірге отырып әңгіме айтсаңшы», – дедім. Менің бұл сөзіме Абдулла ибн Омар (р.а.): «Ей, Әбу Батн! Біз базарға тек сәлемдесу үшін ғана барып, кездескеннің бәріне сәлем береміз»,  – деп жауап берді (имам Маликтің риуаяты).

Пайғамбар (с.ғ.с.) келесі хадисінде: «Расында адамдардың ішінде Аллаһ тағалаға ең жақыны, басқаларға бірінші болып сәлемдескені», – деген (имам Әбу Дауд).

«Пайғамбардан (с.ғ.с): «Иа, Расул Аллаһ! Екі адам кездессе, олардың қайсысы алдымен сәлемдеседі?» – деп сұрағанда. Ол кісі: «Аллаһ тағалаға жақын болғаны», – деп жауап берді» деген риуаятты имам Тирмизи келтірген.

Анас ибн Маликтен «Расул Аллаһ (с.ғ.с.) маған: «Ей, балам! Үйіңе кіргенде сәлем бер, сенің сәлемдескенің өзіңе және үй-ішіңе Аллаһ тағаланың берекесін алып келеді» - деп айтты деген хадисті де имам Тирмизи жеткізген.

Нафиғ: «Мен Шам елінің Абдулла ибн Закария деген ғалымымен сапарда серіктес болдым. Бір кезде астымдағы көлігім тоқтап, мен артта қалып қойдым. Сөйтіп жүрісімді жылдамдатып, Абдуллаһ ибн Закарияны қуып жетіп, үнсіз оның қатарына қосылдым. Сол кезде ол маған: «Сен сәлем бермейсің бе?» – деді. Мен оған: «Мен жаңа ғана сенің қасыңда болдым емес пе?» – дедім. Ол: «Сен рас айтасың, бірақ, сахабалар бірге келе жатып, араларын бір ағаш ажыратып жіберсе де, қайта қосылған сәтте олар бір-біріне сәлем берген», – деді» деген хабарды келтіреді.

Дәлірек айтқанда, әрбір мұсылман, бір-бірінен ажырап қалып, қайта ұшырасып жатса да, белгілі-бір уақыттан кейін: «Ассаләму ғалейкум», – деп қайта сәлемдесуі сүннет. Міне, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әрбір хадисі жақсылық пен әдептілікке тұнып тұр, мейірімділік пен хикметке толы. Мұсылман қауымының бір-біріне сүйіспеншілігін, сыйластығын, достығын күшейтеді.

Үлкеннің кішіге сәлем беруі

Анас ибн Малик көшеден өтіп  бара жатып сәби балаларға сәлем берді де: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кішкене балалардың жанынан өтіп бара жатып сәлем берер еді», – деп айтқан.                                                                        Қарап отырсақ, мұның да астарында адамгершілік идеясы бар деуге болады. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осылайша балаларды әдептілікке, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге сәби күнінен баулу керектігін меңзеген. Балалар ересектердің бұлайша өздеріне көңіл бөліп, иіліп сәлем бергенінен кейін, өздерінің ерекше орыны бар екенін сезініп, қуанып саналарында қалып қояды, өмірлік сабақ болады.

Кішінің үлкенге сәлем беруі

Жасы кіші үлкен кісілерді көргенде қайырылып келіп қос-қолдап сәлем беруі тиіс. Бұл әдеп – кіші буынның отбасынан алған тәрбиелілігін, әдепті көргенділігін көрсетеді. Әбу Һурайрадан (р.а.) Аллаһ елшісінің (с.ғ.с.): «Көліктегі адам жаяуға, жаяу адам отырғанға және аз адам көпшілікке сәлем береді», – дегені жайында риуаят жеткізілген (имам Бұхари, Муслим).

Имам Бухари риуаятында: «Жасы кіші жасы үлкенге (сәлем береді)», – делінген. Сүннет бойынша: Кіші үлкенге, көпшілік отырғандарға, көліктегі кісі жаяуға көлігінен түсіп сәлем беруі қажет.

«Үлкенге құрмет, кішіге ізет, рахым жасамағандар бізден емес», – деген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.).

Иә, құрметті оқырман! Сәлем беруді болмашы нәрсеге санап мән бермеуіміз, бізді жәннатқа кіру мүмкіншілігінен алыстататынын біле бермейміз. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жоғарыда келтірген хадистерін оқып-білгеннен кейін, соған сай амал етеді деп үміттенеміз.

Себебі, Пайғабарымыз (с.ғ.с.) мына хадисінде: «Толық иман келтірмейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар. Араларыңда сүйіспеншілік орнықпайынша толық иман келтірген болмайсыңдар. Араларыңда сүйіспеншіліктің орнығуына себеп болатын нәрсені айтайын ба? Өзара сәлемдесіңдер», – деген (имам Муслим).

 

Дереккөз: Рашид Алпысбай

Пікірлер Кіру