Мектептегі әлімжеттік немесе буллингтің жасырын жарасы

Оқу жылының қарсаңында тұрмыз. Ата-аналар балаларының киімдерін дайындап, оқу құралдарын қамдауды ойлап бастаған болар. Кейбірі тіпті алып та үлгерген шығар. Бүлдіршіндеріміздің бұл қажеттілігін уайымдау – жақсы. Алайда олардың тәртібі, мінез-құлқы, оқу ортасы, сыныптастарын сыйлауы, мұғалімдерімен қарым-қатынасы қандай болатынын да естен шығармағанымыз жөн.
Бұл мәселе мектеп формасынан да, жазатын қаламынан да маңызды! Елестетіңізші, балаңыздың үстіндегі киімі бүтін, сөмкесі әдемі, шашы таралған. Бірақ ол басқа біреуді қорласа немесе өзі біреуден жәбір көріп, өмір бойы жазылмас психологиялық жарақат алса, оның сыртқы бүтіндігі сізге қандай жұбаныш болады? Көңіліңіз орнықты бола ма?
Осындай ауыр жағдайға алып баратын құбылыстардың бірі – буллинг. Ендеше осы туралы сөз қозғап, шешу жолдарын қарастырайық.
Буллинг деген не?
Буллинг – бұл бір адамның немесе топтың басқа адамға (көбіне әлсіз немесе қорғансыз) әдейі және жүйелі түрде қысым көрсетуі, қорқытуы, мазақтауы немесе психологиялық, физикалық зиян келтіруі. Ол әртүрлі формада болады:
– Сөзбен кемсіту, мазақ ету, лақап ат тағу;
– Қорқыту, шеттету, оқшаулау;
– Физикалық күш қолдану (итеру, соғу);
– Интернетте (кибербуллинг) қорлау.
Буллингтің басты ерекшелігі – ол кездейсоқ бір реніш емес, қайталанатын, әдейі жасалатын қысым. Оның мақсаты – жәбірленушіні қорқытып, өзіне бағындыру немесе төмендету. Қысқаша айтқанда, буллинг – бұл қорқыту арқылы үстемдік жүргізу. Қазіргі уақытта бұл жаман індет жастардың ортасында әсіресе, мектеп оқушыларында белең алған.
Зияны мен салдары
Буллингтің салдары өте ауыр. Ол оқушының мектепке баруға деген ынтасын жойып, өмір бойы психологиялық ақаулардың тууына себеп болады. Ең бастысы, адамның өзіне деген сенімін сындырады. Кей жағдайларда буллинг суицидке дейін апарады.
Өкінішке қарай, бұл мәселемен жүйелі түрде айналысатын мамандар тапшы. Көп жағдайда негізгі талап тек білім берумен ғана шектеледі. Оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасына тиісті көңіл бөлінбейді. Нәтижесінде буллингке ұшыраған бала жалғыз күресуге мәжбүр болып қалады. Кей оқушылар қайратты болса, өзін қорғау үшін физикалық қарсыласуға дейін барады. Бірақ оның салдары қалай аяқталатыны белгісіз. Ал күресе алмаса: не өзіне көрсетілген қорлыққа үнсіз шыдайды, не мектеп ауыстырады, не болмаса күйзеліске түсіп, суицидке барады.
Мәселені мұғалімге, ата-анаға, тіпті тиісті орындарға айтуға ұялатындар өте көп. Себебі бала өзін әлсіз сезінеді, өзгеге айтып шағымданудан бас тартады. Қазіргі қоғамда, қысқаша айтқанда, «кім мықты – сол үстем» деген түсінік үстемдік құрып тұр.
Буллингтің негізгі себептері:
– Отбасындағы тәрбиенің кемшілігі;
– Мектептің мән бермеуі, көз жұмуы;
– Қоғамның үндемеуі;
– Дін мен салт-дәстүр тәрбиесінің аздығы;
– Балалардың көшбасшы оқушыға еліктеуі.
Отбасындағы тәрбиенің рөлі
Кішкентайынан біреуді келемеждегенді, мазақтағанды көріп өскен бала ертең соны қайталайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген осы. Ал егер үйде өзгелерді сыйлау, әлсізді қорғау үлгісі көрсетілсе, бала да сондай болады.
Көп адам «маған тимесе болды», «бұл – менің шаруам емес» деген ұстаныммен жүреді. Әлсізді қорғау – артық жүк сияқты көрінеді. Бұл – қоғамға сіңіп кеткен «өз басыңды ғана ойлау» дерті. Бірақ «кемедегінің жаны бір» демекші, ертең дәл осы жағдай өзіңізге немесе балаңызға келуі мүмкін.
Балалардың көшбасшыға еліктеуі
Әлеуметтанудың атасы, ойшыл Ибн Халдун: «Әлсіз әрдайым күштіге ереді. Күштінің ісі қате болса да, оны дұрыс деп санайды» деген. Сол сияқты белсенді, беделді оқушы буллингті бастаса, өзгелері соған еліктеп қосылады. Сондықтан алдымен мәселенің осы тұсын түзету қажет.
Дін мен салт-дәстүрдің маңызы
Бұл – ең негізгі факторлардың бірі. Дін – жақсылыққа шақырады, өзгенің ар-намысына, құқығына тиісуге тыйым салады. Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Бір-бірлеріңді келемеж етпеңдер. Мүмкін, олар сендерден жақсырақ шығар» («Хужурат» сүресі) делінеді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Нағыз мұсылман – адамдар оның қолынан да, тілінен де жәбір көрмеген адам» деп өсиет еткен.
Егер осындай өсиеттер бала бойына кішкентайынан сіңсе, буллингтің не екенін де білмес едік. Қоғам болып, ата-ана, ұстаз, әрбір ересек осыған атсалысса, оң нәтиже беретіні сөзсіз.
Буллингтің зиянына қарсы әлеуметтік роликтер, түсіндірме фильмдер, қоғам қайраткерлерінің үндеулері қажет. Сонда ғана бұл дерттің бетін қайтарамыз.
Дарханұлы Тамирлан