ХХІ ҒАСЫР: ДІНИ ИДЕОЛОГИЯЛАРДЫҢ КҮРЕС ҒАСЫРЫ

15 тамыз 2025 319 0
Оқу режимі

21 ғасырды діни идеологиялардың күрес ғасыры десек, артық айтқандық болмас. Себебі діни ағымдарды қолданушы саяси күштер бар. Секталар мен ағымдардың қоғамға тигізер зияны жайында бірқатар талдау жасауға болады. Дегенмен олардың зияны жайында бірнеше қауіпті айтуға болады:

            Біріншіден, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне зиян тигізу. Қайсы бір секта не ағымды алатын болсақ, ешбірі қазақтың мұңын мұңдап, күйін күйттеу үшін келмегені анық. Олардың жетегіне кету арқылы отбасын ойрандатып, қоғамды шулатып, тыңшылық, экстремистік, террорлық іс-әрекет жасап, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне орасан зиян тигізуі бек мүмкін.

          Екіншіден, дамыған яки даму үстіндегі тыныш жатқан бір елді тоқырауға жіберудің бір тәсілі түрлі діни ағымдар арқылы қоғам ішінде іріткі тудыру. Мәселен, ислам әлемінің тарихына қарасақ, сыртқы күштер мұсылман қоғамын әлсірету үшін түрлі теріс ағымдарды қолдан жасап, мұсылман жамағатын дүрдараз етіп, ынтымақ пен бірлікті ыдыратып, мемлекетті әлсіреткен.

          Үшіншіден, мемлекеттің болашағы білім мен ғылымға, экономика мен көреген саясатқа байланысты. Ал секталар мен ағымдар білім мен ғылымға қарсы. Тәптәуір оқып жүрген студент солардың арбауына түссе, оқуы нашарлап, тіпті тастап кетіп жатады. Себебі оған мемлекеттің болашағы қажет емес.

          Төртіншіден, болашақ жастардың қолында деп білеміз. Олай болса, секталар мен ағымдар біздің болашағымыз деп үміт артып отырған жастарымызды өз қатарларына тартумен келешекке қауіп төндіреді. Олардың жетегіне кеткен жастар еліміздің заңын құрметтемейді, әскерге бармайды, қолына қару алып отанын қорғамайды, салтымыз мен мәдениетімізді мансұқтайтын болады.

          Бесіншіден, уақыт өте келе дінаралық қақтығысқа итермелеуі мүмкін. Мәселен, кейбір отбасыларда әкесі бір дін не ағымды, баласы бір дінді, анасы бір дінді ұстанады. Осындай отбасыларда кикілжің туатын болса, әркім өз жақтастарын мәселеге араластырып, арты жанжалға ұласып кетпесіне кім кепіл?

        Алтыншыдан, қоғамды діннен азарда безер ететін халге жеткізіп, қоғамды дінге қарсы қояды. Ағымдардың әрекетіне күйінген халықтың дінге деген көзқарасы өзгеріп, дінсіздікке бетбұруы мүмкін. Мысалы, қазіргі кезде сақалды кісіні көрсе, ажыратып жатпастан бірден уаһһабист деп қорқатын дәрежеге жеттік. Қоғам діннен, имандылықтан алшақтаса, рухани азғындық басталады. Рухани азғындау қоғамның, ұлттың іштей ыдырауына, артынан жойылуына алып баратын негізгі фактордың бірі.

              Қазақ даласы дін игерілетін яки діни идеологияның сынақтан өтетін жері емес екенін жат пиғылды ағым басшылары мен қосшыларына ескертеміз. Қазақ елі діні мен дәстүрін берік ұстанған зайырлы ел.

Исмайыл СЕЙТБЕКОВ

Пікірлер Кіру