ДОС

Белгілі бір ғұламадан дәріс алып жүрген шәкірт ұстазына келіп:
— Ұстаз, адамда қанша дос болу керек? — деп сұрады.
Шәкіртінің жүзіне сынай қарап тұрған ғұлама:
— Оның жауабы оңай. Сен былай жаса: маған анау тұрған алма ағашының ұшар басындағы қызыл алманы алып бер. Мен оған дейін сенің сұрағыңа жауап іздеп көрейін, — деп, шәкіртіне алма ағашын нұсқады.
— Ұстаз, ол алма өте биікте тұр екен ғой. Менің оны алуға бойым жетпес, — деді шарасыз түрмен.
— Осындайда көмек беретін сенде дос жоқ па?— деп қуақылана сұрады ұстаз.
— Бар, әрине, бар, — деп, шәкірт досын шақырды. Шәкірт досының иығына мініп шықса да, алмаға бойы жетпеді.
— Ұстаз, менің бойым сонда да жетер емес, — деп, аянышты түр көрсетті шәкірт.
— Сонда қалай, сенде тек жалғыз дос па? — деп, ұстаз қулана сұрады.
Шәкірт жанына тағы да достарын шақырып, бәрі жабылып, ырсылдап, пысылдап бір-бірінің иығына мініп жүріп, соңында бәрі құласа да, алманы ала алмады.
— Енді сен түсіндің бе адамға қанша дос керегін? — деп сұрады ұстаз шәкіртінен.
Киімдерін қаққылап, ауырып қалған денесінің о жер, бұ жерін сипалап тұрған шәкірт:
— Ия, түсіндім. Көп керек екен, өте көп керек екен. Бәрі жабылып кез келген мәселені ақылдасып шешу үшін, көп болғаны жақсы екен, — деді. Сонда ғұлама ұстаз өкініші көбірек үнмен:
— Әрине, көп болғаны жақсы ғой. Тек арасында
баспалдақ саты әкелу ойына түсер біреуі болса, тіптен жақсы еді, — деген екен.
Ия, бұл тәмсіл - көп нәрсені ұғындыратын тәмсіл. Достық - уақытпен сыналатын сезім. Біреулер кетіп жатса, біреулер достығыңа келіп жатады. Уақыт өзі елеп-екшеп, ең адал достарды қасыңда қалдырады. Заман "амал дос" пен "адал достың" арасын ажыратып береді. "Амал дос" - сенің мансабың тайып, ақшаң азайғанша "дос", содан соң ол басқа "дос" іздеп сырғақтай бастайды. Адал дос - аштықта да, тоқтықта да, байлықта да, кедейлікте де, қуанышта да, қайғыда да қасыңда қалатын ДОС!
Өмірде осындай адал достарыңыз көп болсын, ағайын!
М. Кенжебаев. Бейнеу.