АЛПЫСҚА КЕЛГЕННЕН АҚЫЛ СҰРА

16 шілде 2025 339 0
Оқу режимі

Ертеде "Алпыстан асқан шалдардың басын алыңдар!" деп бұйырық берген екен бір хан. Барлық бала өз жанынан қорыққанынан әкелерін қырып салыпты. Бір жігіт қана әкесін өлтіруге қимай, сандыққа салып арқалап жүреді екен.

Бір күні ханның көші өзен жағасына тоқтайды. Жуынуға келген хан судың ішінен алтынға ұқсас сәулені көреді де: "ананы маған алып беріңдер!" деп пәрмен береді.

Жандайшаптары қанша тырысса да әлгі жылтыраған затты ала алмайды. Хан қаһарланып: "жас болсаңдар да, ақылдарың, білімдерің жоқ!" деп, уәзірлеріне қаһарын төгіпті.

Бұл сөзді сандықтағы қария да баласынан естиді. Естиді де:

— Судың қасында үлкен тал өсіп тұр ма? — деп сұрайды.

— Иә... — дейді ұлы.

— Онда алтын сол талдағы құстың ұясында. Күнмен шағылысып нұры суға түсіп тұр, — дейді.

Бала ханға келіп алтынды тауып береді.

— Сен мұны қайдан білдің? — дегенде, бала жігіт шынын айтады.

Алпыстан асқандардың қажеті жоқ, басын алыңдар деген жарлығына өкінген хан, ұлға кешірім жасайды.

 

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру