ӘДЕПТІЛІК – ҰЛЫ МАҒЫНА

Исламда жақсы мінез – ең ұлы әрі ең ұнамды қасиеттердің бірі.
Шариғи терминологияда әдептілік дегеніміз – жылы жүзді болу, игілік жасау, адамдарға зиян келтірмеу. Сонымен бірге мұсылман жақсы сөз сөйлеуі, ашуын тия білуі, ренжітуге төзімді болуы қажет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Әбу Һурайраға (р.а.) ұлы өсиет айтып: «Әй, Әбу Һурайра! Саған жақсы мінез-құлықты ұстануға кеңес беремін», – деді. Әбу Һурайра (р.а.) айтты: «Я, Расулалла, жақсы мінез деген не?» Ол айтты: «Сенімен қатынасты үзген жанмен қарым-қатынас жаса, саған зұлымдық жасағанды кешір, сенімен сараңдық жасағанға сыйлық бер» (Бәйһақи риуаяты).
Шын мәнінде, көркем мінез – пайғамбарлардың, шыншылдар мен ізгілердің сипаты. Осы қасиет арқылы адам жоғары дәрежелерге жетіп, мәртебесі көтеріледі. Алла Тағала Өзінің Елшісі Мұхаммедке (с.а.у.) барша жақсы мінездерді, көркем әдептерді нәсіп етті.
Жақсы мінездің белгілерінің бірі – өзгелерге зиян келтірмеу, адамдар арасында татуластық орнату, аз сөйлеу, көп іс жасау, ата-анасына жақсылық жасау, жәбір-жапаға сабыр ету, Аллаға шүкір айту және Оның бергеніне разы болу. Сонымен қатар жұмсақ, мейірімді, рақымды болу, сөгіс айтпай, боқтық сөйлемей, өсек таратпай, ашушаң, сараң, күншіл болмауы керек. Керісінше, адамдардың жүздеріне күлкі сыйлап, Алла үшін жақсы көріп, Алла үшін разы болып, Алла үшін ашулануы тиіс. Алла Тағала айтқан аятты үнемі еске алып жүруі керек:
«(Олар) кеңшілік пен таршылықта да мал жұмсайды, ашуын жеңеді, адамдарды кешіреді. Алла игілік жасаушыларды жақсы көреді» [Әли Имран, 134].
Әдеп – табиғи жаратылыстың белгісі, ал ақыл иелері шындық, уәдеге беріктік, жақсылық жасау сияқты қасиеттерді мақтауға лайық деп біледі. Ал өтірік, сатқындық, қорқақтық, сараңдық – жаман мінездер және олардың иелері сөгіске лайық.
Айша (р.а.) былай деген: «(Әлемде) Алла Елшісінен де (с.а.у.) мінезі көркем жан болмаған. Оны сахабалары немесе отбасы мүшелерінен кім шақырса да, үнемі: “Ләббәйк (мұндамын)” – деп жауап беретін. Сондықтан Алла: «Расында, сен ұлы мінез-құлық иесісің» – деген аятты түсірді» [Қалам, 4].
Уммү Дарда былай деген: «Әбу Дарда бір түні тұрып намаз оқыды. Жылап отырып: “Уа, Алла! Менің жаратылысымды көркем еткенің сияқты, мінезімді де көркем ет!” – деп таңға дейін жалбарынды. Мен одан: “Әй, Әбу Дарда, түні бойы тек мінезіңді дұға еттің, неге?” – деп сұрадым. Ол: “Әй, Уммү Дарда, шын мұсылман мінезін көркем етсе, Алла оны сол мінезі арқылы жәннатқа кіргізеді, ал жаман мінезі болса, тозаққа түсіреді. Кейде мұсылман ұйықтап жатқанда да күнәлары төгіледі”, – деді. Мен таңданып: “Ұйықтап жатқанда қалай кешіріледі?” – деп сұрадым. Ол: “Оның бауыры түнде тұрып намаз оқиды, дұға етеді, Алла оның дұғасын қабыл етеді, сол дұға арқылы бауырын кешіреді”, – деді».
Әр адам өз бойындағы кемшіліктерді толық білмейді. Кейбірі ауыр күнәлардан бас тартып, өзін тәрбиеледім деп ойлайды. Бірақ көркем мінездің шынайы белгісі анық болуы қажет. Себебі көркем мінез – иман, ал жаман мінез – екіжүзділік. Алла Тағала иманды жандар мен мұнафықтардың сипаттарын Құранда келтірген, олардың барлығы жақсы немесе жаман мінездің жемісі.
Жаман мінезді кісілермен дос болудан сақтан. Олар ашуға немесе нәпсіге ерік беріп, өзін басқара алмайды. Есіңде болсын, жақсы мінез күнәларды еріген мұздай жояды. Ал жаман мінез – балға тамған сірке сияқты, барлық жақсылығыңды бұзады. Адамда қанша жақсы қасиет болса да, бір ғана жаман мінез солардың бәрін жоя алады. Ашуланғанда Алланың мына сөзін еске түсір:
«Құлдарыма айт: “(Басқаларға) ең жақсы сөздерді айтсын!” Шынында, шайтан олардың арасына іріткі салады. Шайтан адам баласына анық жау» [Исра, 53].
Қорытындылай келе, көркем мінез – жетістікке жетудің белгісі, әділет пен қауіпсіздік салтанат құрған, өмірді бұзатын зұлымдық пен бұзақылықтан арылған қоғамның негізі. Бұл – өмірді жақсы жаққа жетелейтін жол.
Абдулахад Сманов, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы