АБАЙҒА ҚҰЛАҚ АССАҢЫЗ...

22 тамыз 2025 125 0
Оқу режимі

▪Адамзат – бүгін адам, ертең – топырақ.

▪Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады.

▪Адам баласына адам баласының бәрі – дос.

▪Адал жүріп, адал тұр.

▪Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек – дұрыс іс.

▪Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет.

▪Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін.

▪Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектік бірлән өсер.

▪Асығыс түбі – өкініш.

▪Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын!

▪Ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек.

▪Ғылым таппай мақтанба.

▪Ғалымнан надан артпас ұққанменен.

▪Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ.

▪Досыңа достық — қарыз іс.

▪Дұшпаныңа әділ бол.

  • Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды.

▪Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал.

  • Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас.
  • ▪Еңбек қылсаң, қара жер де береді.
  • ▪Еңбексіз мал дәметпек — қайыршылық.
  • ▪Ер ісі — ақылға ермек, бойды жеңбек.
  • ▪Еріншектік — күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.
  • ▪Есер кісі орнын таппай, не болса сол, бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен-дағы, күнінде өкінгені пайда болмайды екен.
  • ▪Есті адам орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен-дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен.
  • ▪Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі - өзі де есті.
  • ▪Естіген нәрсені ұмытпау үшін төрт түрлі себеп бар:
  • ▫әуелі көкірегі байлаулы берік болмақ керек;
  • ▫екінші — сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрат алып, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек;
  • ▫үшінші — сол нәрсені ішіңнен бірнеше рет қайтара ойланып, көңілге бекіту керек;
  • ▫төртінші — ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, оған берілмеу керек.
  • Әрбір арсыз жалқаудан сұрамшақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады.
  • ▪Бақпен асқан патшадан ақылмен асқан қара артық.
  • ▪Балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады. Ол қиянатшыл балалары талапқа да, ғылымға да, ұстазға да, хаттә иман иғтиқатқа да қиянат бірлән болады. Бұл қиянатшылар — жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман.
  • ▪Балаң бала болсын десең, оқыт, мал аяма!
  • ▪Білімсіздік хайуандық болады.
  • ▪[Біреу] жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол — надан, ләкин надан да болса адам.
  • ▪[Біреу] өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес.
  • ▪[Біреу] өз үйіне келіп айтпаса, яки аулына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол — наданның наданы ләкин өзі адам емес.
  • ▪Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ — ол өзі де бір антұрғандық.
  • ▪Біреуді ызаландырмақ — шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс.
  • Әрбір жаманшылықтың, жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады.
  • ▪Әрбір құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен.
  • ▪Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілдікті бітіреді, күншілдік күншілдікті қозғайды.
  • ▪Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «ананы, мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен.
  • ▪Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз...
  • ▪Әрбір қайратсыз қорқақ мақтанғыш келеді.
  • ▪Әрбір мақтаншақ қорқақ ақылсыз, надан келеді.
  • ▪Әрбір ақылсыз надан арсыз келеді.

 

 

Макпал Орынбетова фб парақшасынан

 

 

Пікірлер Кіру