АБАЙ МЕН ОРАЗБАЙ ҚАЖЫНЫҢ СОҢҒЫ КЕЗДЕСУІ

11 тамыз 2025 1409 0
Оқу режимі

Қазақтың данасы Абай мен Тобықты ұлысының, Бұғылы болысының байы, қажы Оразбай Аққұлұлы екеуі өмір-бақи бір-бірін көріспестей араздасып келген. Бірақ, тектіліктері сондай, бірін-бірі алдынан кесіп өтпеген.

Мағауия қайтыс болғанда, Оразбай қажы Абайға көңіл айтуға барады. Бұған ел таң қалады. Мағашқа бата жасап, қайтар шағында Абаймен әңгімелесіп, Оразбай:

- Абай, сен өледі екенсің. Кел, қоштасайық! - депті. Абай:

- Дұрыс айтасың, Оразбай. Мен өлемін. Кешу айтыспағанымыз жөн! - деп, орнынан тұрып:

- Кештік, қиямет-қайымда жолығысайық! - десіп, бір-бірін қатты құшақтасып тұрып қоштасады. Ел жағасын ұстайды. Оразбай қажы нөкерлерімен жолға шығады. Жол жөнекей Қыстаубай Оразбайға:

- Ойпырмай, тірідей өлтірдің ғой. Осындай қастық болама? Өзі қан жұтып отырған Абайға сен өлесің деген қай қисынға сияды? - дегенде, Оразбай:

- Тоқтат, Қыстаубай! Неге сендер сезбейсіңдер, неге көрмейсіңдер? Абайдың денесіне ажал кіріп кетіпті! Абайдың бір сөзін жаңылысып, екі рет қайталағанын қашан көріп едіңдер, а? Еліме рахмет! - деген сөзді екі рет қайталады, аңғарсаңдар. Абай селк етіп шошып, екі жағына жалтақтап қарай береді. Көзі қыдырыстайды. Ешкімнен қорықпайтын Абайдың жүрегі селт етпеген, ал бүгін балаша шошынып отыр, селк етіп кетіп отыр. Қайран арыс, Абай жоқ бізге... Жоқ... Жоқ! - деп, жасқа булығып, Оразбай қажы атын сабалап, алға шығып кеткен екен...

Мағауияның 40 күндігінде Абай дүние салады. Оразбайға хабар жеткізуші: "Абай өлді!" деп, қуанышпен жеткізеді. Оразбай орнынан атып тұрып:

- Жетесіз ит, Абай өлгенше Оразбай қоса өлді, арысың құлады, күнің сөніп, айың батты! - демейсің бе деп: - Енді не болдым! Ойбай, Абай, Абай! Мен неге артыңда қалдым! - деп аңырап, жоқтайды. Сонда біреуі:

- Тірісінде Абаймен дұшпан екеніңді алты алаш елі біледі, Оразеке мынауың не? - дейді. Сонда Оразбай:

- Абайдай дана жоқ, онымен келіспесек те, елді біріктірген осы Абай әулеті, шикілік шығарғандар, оның маңындағылар, қанша тартыссам да, Абайға қарсы шоқпар көтермедім. Абай - АРЫС! деп, еліне біраз дүниені түсіндіріпті. Кейін Оразбай: "Абай өлсе де, мен бармын! - деп, Абайдың ісін жалғастырған екен... Тобықты еліне талай арашаға түсіп, генерал-губернатор бұйрығына қарсы шыққан деседі...

 

Жинақтаған Б. Сатыбалдыұлы

Пікірлер Кіру