ЗІКІРШІ ТАС (Румиден)

12 тамыз 2025 516 0
Оқу режимі

Әбу Жәһил келді бір күн Расулға:

– Ей, Мұхаммед, тойдық сендік насырға!

Білгіш болсаң, айтшы, менің қолымда,

Не нәрсе бар, білгеніңді жасырма.

Мен – Құдайдың елшісімін деп жүрсің,

Бұл сөзіңді шығарайын жасынға.

Таба алмасаң уысымда не барын

Бұдан кейін тіпті бір сөз асырма!

Расул айтты: – Жасырған бұл затыңды

Анық білем, сен тек бұлай ашынба,

Ол да мені танушы еді әзелден

Қайта содан сұрап көрші, басыл да,

Есімім кім, жүрегімде не сыр бар,

Айтсын және не бар-жоғын басымда?

Күлді Жәһил: – Жалғаншым-ау, даланың

Тіл бар ма еді жансыз қара тасында?

Білмеймін, деп мойында тек білмесең,

Әңгімені басқа жаққа қашырма! –

Дей бергенде уысынан Жәһилдің

Дыбыс шықты жауап қатқан Расулға:

– Лә иллаһа иллалла! - деп құйттай тас,

Шырқап кетті, – Құдай жалғыз расында!

«Иллалладан» басқа сөз жоқ, сұрасаң,

Мұхаммедтің жүрегі мен басында!

Ал мен үшін Мұхаммедтің есімі

«Лә иллаһа иллалланың» қасында.

Тағы қандай сұрағың бар, сұрай бер,

Бұл жауабым ғибрат болсын ғасырға!

Ал Жәһил сұм, тастан қатты жүрегі,

Тастай салып қолындағы тасын да,

Тұра қашты Пайғамбардан аулаққа

Тұрмайын деп сиқыршының қасында!

Зікірші тас жерге түсіп болғанша

Кетті айналып лағыл-маржан асылға.

 

Қалыптаған:

Ләйлі ҚҰНДАҚБАЙ

Пікірлер Кіру