ЗЕЙНЕЛАБДИН ТАГИЕВТІҢ 100 ЖЫЛДЫҚ КЕЛІСІМІ

XIX-XX ғасырда өмір сүрген Зейнелабдин Тагиев есімді әзірбайжан бай болғанда да, заманында алғашқылардың бірі болып мұнай өндірген, мешіттер мен әртүрлі мәдени ғимараттар салғызған, талай жақсылықтың басынан табылған миллионер еді.
Бірде ол Германияның бір қаласын аралап жүріп, әдемі бір мейрамханаға кіреді. Сақалы бар, өзгешелеу киінген азиатқа ешкім мән бермейді, тіпті даяшы да келе қоймайды. Зейнелабдин қажы біраздан соң, даяшыны өзі шақырады, бірақ онысынан да нәтиже шықпайды. Болмаған соң қажы мейрамханадан шығып, өз жөніне кетеді.
Көп ұзамай мейрамхананың иесі өте құрметті қонақ келіп, оны жұмыскерлері танымай, ренжітіп жібергенін біледі де, Тагиевке адам жібертіп, шақыртып, арнайы дастарқан жайдырады. Сонда Зейнелабдин қожайыннан:
«Мына бір үстелді бір сағатқа алсам, қанша төлеуім керек?» деп сұрайды. Ол бағаны айтады. Зейнелабдин енді үстелді бір күнге, бір аптаға, одан соң бір айға алудың бағасын сұрайды. Одан бір жылдың, он жылдың, ақыр аяғында жүз жылға жалға алудың бағасын айтқызады. Сөйтеді де:
– Осы үстелдің жүз жылдық ақшасын төлеймін, мейрамханаңыздың есігін қаққан кез келген мұсылманды осы үстелден тегін тамақтандырасыз, – дейді. Қожайын келіседі.
Бұл 1911 жыл екен. Ал, 2011 жылы Германия елшілігі Әзірбайжанға хат жазып, жүз жылдық келісімнің аяқталғанын баяндайды. Және де сөз аяғында:
«Тағы да осындай келісім жасайтын байларыңыз болса, тапсырыс қабылдауға дайынбыз» деп әзілдепті. Қожайын мен оның ұрпағы уәдеде тұрып, жүз жыл бойы келген мұсылмандарды ұлтына қарамай, Зейнелабдин Тагиевтің есебінен тамақтандырған екен.
Осы Тагиев ХХ ғасырдың басында шыққан біздің "Қазақстан" деген газетке демеуші болған екен.