ҮМІТ, СЕНІМ, МАХАББАТ

26 маусым 2025 258 0
Оқу режимі

Бақ ішінде дауыстары шығып, әлденені қызу талқылап отырған аспиранттардың ту сыртынан келіп тұрған академикті шәкірттері байқай қойған жоқ.

Аспиранттар өзара жарыссөз ұйымдастырып алған.

Тақырып— "Өмірдің қозғаушы күші неде?

Өмір сүру үшін, істеген ісің алға жылжу үшін ең қажетті не?" Осы сұраққа жауап іздеуде.

Бірінші аспирант:

—Адамда ең бірінші сенім мықты болу керек. Кез келген мақсатқа жеткізетін — сенім. Сенім болмаса істеген ісіңнен қайран жоқ,— деп қайырды.

Оған қарсы өз уәжін айтып, екіншісі шықты:

— Ия, дұрыс айтасың, сенімсіз ісің алға жылжымас, әйтсе де, менің ойымша, әрбір істеген ісіңе, өзіңе, өмірге, жақыныңа деген сүйіспеншілік болуы керек. Ықылассыз істелген істе береке болмайды, —деп ойын жеткізді.

Соңында үшінші аспирант тұрып:

— Ия, айтқандарыңыздың бәрі дұрыс, бірақ та ең бастысы, біздерді алға апаратын — үміт сияқты.

Үміт — оңынан туған желге толған желкенді қайық секілді, бізді белгісіз жақтарға, алыстарға апаратын қанат іспеттес, —дей бергенде, көзі бәрін бақылап тұрған ұстаздарына түсіп кетті де:

— Ұстаз, айтыңызшы, солай емес пе? Бәрінің қозғаушы күші — үміт емес пе? —деп сұрады.

Бәрін сырттан бақылап ойларын тыңдап тұрған ұстаз академик:

—Сенім мен сүйспеншілік жоқ жерде үміт те өліп қалатын шығар, —деді де, бақ ішінен алыстай берді....

Ия, ФБ бетінде Қазақстанда болып жатқан кез келген келеңсіздікке елеңдеп, жанымыз ашып, кейде тіпті еңсеміз езіліп, түңіліп кетіп жатамыз. Бірақ қай-қайсымыздың ішімізде де осы елімізге деген сүйіспеншілік пен махаббат бар. Әркімде де Істеп жүрген ісім дұрыс деген сенім бар. Сол арқылы ертеңіне деген үміті өшпейді.

Сол үміт, сенім, махаббатымыз жоғалмасын. Қиын кезеңдер өтер де кетер, бәрі жақсы болар деген үміт бәрін де жеңер...

 

М. Кенжебаев. Бейнеу.

 

Пікірлер Кіру