ТОЙЫМСЫЗДЫҚ – ҚОҒАМНЫҢ ҚҰЛДЫРАУЫ

Әттеген-айы бүгінде байлық пен атаққа деген тойымсыздық күннен күнге артып келеді. Құдды бір адамдар өзара қымбат көлік, бренд киімдер, зәулім үйлер салып, жарысып жатқандай. Әрине, әлеуметтік жағдайымыздың жақсарғанына қуанасың, бірақ көбі кредит алып, көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап, қарызға белшесінен батып жатыр. Оған мына деректер дәлел: әрбір қазақстандықтың басына шаққанда банктерден 950 000 теңге берешегі бар. Жалпы, қарыз 18 триллионды құрайды. Сонда 20 млн тұрғынның 8 400 000-дк қарызы бар. Ал, есебіне жете беріңіз. Даму ма бұл, құлдырау ма?
Осылайша, ішкі тыныштық пен рухани байлықтан алыстап, тұрақсыздыққа ұрынады.
Бұл – біріншіден құндылықтардың әлсіреуінен туындап отырған дерт. Тойымсыздық адам бойындағы мейірімділік пен шынайылықты әлсіретеді. Біреу қолындағы барға шүкір етпей, үнемі одан да көпті қаласа, айналасындағылармен бәсекелесіп, өзінен төмендерді елемеуі мүмкін.
Екіншіден, әлеуметтік әділетсіздіктен. Яғни көптеген адамдар адал еңбекпен емес, оңай жолмен байлыққа жетуді армандайды. Танымал адамдар сияқты болуды қалап, тез баюға ұмтылады. Бұл мақсатқа жету үшін жалған ұтыс ойындары мен схемаларды ойлап табу, өзге адамдарды алдап, тез байып кетуге тырысушылық пайда болады.
Бірнеше жетістікке жеткен адам одан да көпке ұмтылады. Өмірдің шынайы мақсаты байлықта емес екенін ұмытып, ішкі үйлесім мен тыныштықтан алыстап кетеді. Бұл адамды шексіз жарысқа түсіріп, рухани құндылықтардан алыстатады.
Сондықтан қоғам ретінде тойымсыздықты тоқтатып, қанағат пен рухани байлыққа қайта оралуымыз керек. Өмірдегі шынайы бақыт материалдық игіліктерде емес, ішкі тыныштық пен өзара сыйластықта екенін түсінсек, біз тұрақтылыққа, адамгершілікке қол жеткізе аламыз.