ТІЛЕК СӨЗІНІҢ МӘН-МАҒЫНАСЫ ҚАҚЫНДА

05 тамыз 2025 378 0
Оқу режимі

Қазақ той-жақсылықта тілек айтады. Жалпы халқымыздың болмысына біткен жақсы бір қасиет осы тілеуқорлық, тілекші болу, тілек айту.

Енді осы тілек сөзінің мән-мағынасына қарайықшы, астарына үңілейікші. Өз басым мынаны ұқтым.

Тілек сөзі: ТІЛ мен ЕК екі сөздің қосындысынан туған мән. Оның мәні адамның адамға, не адамдарға жақсы сөзін сарқып, жан жүрегінің шуағын төгуі. Бір адам бір адамға бақытты отбасылы болуын, тіпті жаңа үйлі-күйлі (оның ішінде ат көлігін, дүние дәулетін де), сәбилі болуын тілейді, яғни Тілімен егеді.

 Тіл-Ектің мағынасы тілімізбен әлі шықпаған нығметті бос кеңістікке, ауа дейтін алып алқапқа егеміз. Сол тілегімізді құдіреті күшті Алла қабыл етсе, көп пе, аз ба, белгілі бір уақыт өткеннен кейін әлгі айтқан, ақтарып салған ақ жарма тілектеріңіз орындала бастайды, ауадағы айлапат алқаптағы егінжай пісіп, дәні тілек естушінің басына құт-береке болып төгіліп, бақыт құсы қонып, өмірі өзгере түседі. Маңызы осы!

Мәні - тілмен егілуі, маңызы сол тілмен егілгеннің жүзеге асуы! Осылай қазақ тілек айтқан, әлі айтады.

Себебі тілек сөзсіз орындалатын, яғни сөздің затқа, материяға айналатын алғы шарты.

Әрине, тілек айтушы мен оны тыңдаушы рухани жағынан таза болса, онда бұл ғажап құбылыс!

 Қазақ бекерден бекер сөз айтпаған, әр іс-әрекетінің атауы да мән мен маңызға ие. Оны әрине, Тәңірі таңдайына салған, көкірегіне түсірген, жүрегіне жазған.

Тілек туралы менің өз түсінігім осындай.

 

Мұнайдар БАЛМОЛДА

 

Пікірлер Кіру