ТАЙЖАН БИДІҢ БОЛЖАМЫ

26 маусым 2025 2884 0
Оқу режимі

18 ғасырдың соңында Кіші жүзде Тайжан би деген болған екен. Жасы 80-нен асқан шағы болса керек, ел азаматтары жиналып, Тайжекеңе: «Ақырзаман деген не?» деген сауал қояды.

Сонда Тайжан би сауалдарына ойланбастан жауап берген екен.

- «Адам азады, жер жыртумен тозады. Сөзде байлау болмайды, оны ұзақ сөзбен созады. Адамның жақсысы кетіп, жаманы қалады. Жылқының жүйрігі кетіп, шабаны қалады. Көлдің суы кетіп, табаны қалады. Көп ақыл айтар адам шамалы қалады.

Әр тараптан ел болады. Үлкеннің тілін кіші алмайды, жөн білетін ақылды адам болса, оның сөзі тыңдалмайды. Жеңілдікке салынып, өзін-өзі қорлайды. Ұл атадын бөлініп үй болады, күнде пәтуәсіз жиын болады, тартқаны домбыра, сырнай, күй болады.

Ері қалтасына ақша салмайды, әйелі базардан қалмайды. Термен тапқан еңбегіңіздің берекесі болмайды. Ішкені шарап, бойына жұқпайды. Қонақасыны жақсы берген үйден төбелеспей шықпайды. Әлгіге ақыл айтсаң, балағаттап боқтайды.

Әйелі тәуірдің шаруасы түзеледі, әйелі жаманның үйі күйзеледі. Көйлекті шолақ, дамбалды қысқа киеді. Борбайы жылтылдап көрініп жүреді. Адам азғанда ар-ұят қалмайды, атаның тілін бала алмайды. Құдай санасына бермесе, оны түзеп болмайды» - депті.

Жиғаны темір болады,

Жаққаны көмір болады.

Құлшылық жоқ жайбарақат,

Келте шолақ өмір болады.

Бей-берекет шашу болады,

Ашытқан судан асы болады.

Адал – арамды білмейді,

Азған деген осы болады.

Етті, майды тамақ демейді,

Шарапсыз ас жемейді.

Жасы жеткен көрер,

Одан арғысын біле алмадым,

Жаратқан ием өзі білер!» - деген екен.

 

Райхан МАТАЕВА

 

 

Пікірлер Кіру