НИҚАБ ЖАЙЫ

31 шілде 2025 471 0
Оқу режимі

Соңғы кездері парақшама көп пікір жаза бермеймін. Себебі, діндар мен дінсіздің арасы ашылып барады. Қазақ әуелден «Құдай бір, Құран шын, пайғамбар хақ!» деп сенген халық. Ес білгелі үлкендерден осы сөзді естіп өстік. Қазір дін арабтікі, пайғамбар арабтікі деген сыңайда пікірлер айтылып, исламды арабқа телу белең алып барады. Бұған дінді радикализм ретінде көрсетушілердің де үлесі аз емес. Әрине, діннен, жауапкершіліктен, Құдайдан безген адамға қылар қайыр жоқ, десе де халық ретінде әлі де Құранды құрметтеп, тіріміз бен өліміздің игілігіне пайдаланып жүргендіктен дін туралы айтпасқа болмайды. Әрі елдегі болып жатқан дін саласындағы шешімдерге қатысты да пікір сұрайтындардың қарасы аз емес. Бұл бет-ауызды тұмшалауға қатысты пікір болмақ.

Мемлекет басшысы бұл мәселеге назар аудара отырып, биылғы ұлттық құрылтайда «Ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық» деген пікір айтқан еді. Енді міне көп уақыт өтпей елімізде бет-жүзді тұмшалайтын киімдерге заңдық тұрғыдан тиым салынып отыр. Бұған Ислам діні бойынша қара шаңырақ саналатын ҚМДБ да өздерінің ұстанымдары мен түсініктерін бере кетіпті.

Осы тұрғыда қоғамда түрлі пікірлер айтылып, сұрақтар қойылып жатыр. Көрші елдердің де тәжірибелеріне сүйене отырып қабылданған шешімнің орынды екендігін айтушылардың қарасы көп болғанымен, «діни киімге» тиым салу сенім бостандығына селкеу түсірмей ме дейтіндер де табылып жатыр. Мұны тіптен әсірелеп мемлекеттік саяси ұстанымының діндарлыққа қайшы екендігін айтатындар да табылады.

Жалпы Исламдағы «әурет» түсінігі тұрғысынан қарай отырып ниқаб, паранжа, чадра сияқты киім түрлерін киюді міндет көретіндер қаншалықты мұны діндарлықтың көрсеткіші санағанымен бұл діннің негізгі талаптарына жатпайды. Орамал туралы үнемі айтылатын Құранның Нұр сүресінің 31-аятында да бет-жүзді жабу туралы нақты міндет айтылмайды. Елімізде ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан Ханафи мазхабында да әйел адамдардың әурет жерлері ретінде бет-жүзі, екі қолы, екі аяғынан басқа жерлері ретінде қаралады. Аяттағы «өздігінен ашық тұратын жерлерінен басқасын» дегенде бет-әлпеті мен қолдарын меңзейді. Әз. Айшадан жеткен бір хадисте: «Әбу Бәкірдің (р.а.) қызы Әсма пайғамбардың қасына келді. Пайғамбар сол кезде оған қарамай: «Әй Әсма! Әйелдер балиғат жасқа толған соң мына жерлерінен басқа жерлері көрінбеуі керек» деп бет-әлпеті мен қолдарын көрсетті» (Әбу Дәуіт, Либас 31) Тіпті, әйелдер намаз оқыған кезде де бет-жүзінің ашық болуына рұқсат еткен көзқарас басым.

Сонымен бірге әйел адамның бет-жүзін тұмшалауы халқымыздың дәстүрінде де орын алмаған. Тіршілік қамында бет-әлпетті тұмшалау әйелге айналасына қарау, тыныс алу, тамақтану сияқты мәселелер тұрғысынан қиыншылық тудырады. Сондай-ақ куәгерлік жасау үшін, неке қиылған кезде де әйелдің кім екендігін білу қажеттілігі бар. Радикалды ұстанымның да «әсіре діншілдіктің» де шегі жоқ. Тек, қалыпты ұстаным мен халықтың рухани ұстынын негізге алсақ, діндарлықты ізгілікпен ұштастыра алсақ діннің де, діндардың да сүйкмі кетпес деп санаймын!

 

Kenshilik Tyshkhanuly

Пікірлер Кіру