МӘШҺҮР ЖҮСІП БҰҚАР ЖЫРАУ ТУРАЛЫ

Табиғи жаратылысында біздің қазақ тілді, сөзге шешен халықтың қатарына жататыны белгілі. Осы халықтың бір перзенті – ақыл, сөз шебері Бұқар жырау жасында тілі кем болып туыпты. 8–9 жасқа дейін сөзі баяу әрі түсініксіз болыпты. Осыған байланысты болса керек, өзі тұйық, сөзге сараң болыпты. Тілі кем болған соң, елден оқшауланып өсіпті. Осы мінезіне қарай, ел «мылқау бала» депті. Сөзге сараң, мылқау баланың он екі жасқа толғанда тілі шығып, он екі мен он үштің арасында құрдастарын қуып жетіп, ал он үш пен он алтының арасында замандастарын басып озып, және жай сөйлемей, жырлап қоя беретін болыпты.
Туыпты Бұқар жырау, сақау болып,
Жүріпті содан аз жыл, ақау болып.
Келгенде сегіз жасқа, тілі шығып,
Қалыпты есік көзі, жақау болып.
Тек бірақ, тас атқандай, су астынан,
Кетіпті, бірден сөйлеп, асау болып.
Өсіпті, содан былай, мәртебесі,
Төбесі, көк аспанға, тақау болып.
Он үш мүшелі жастан асқан соң, «мылқау бала» той-думанның,
ойын-сауықтың баласы болып шыға келіпті. Оған дәлел Үмбетей жыраудың мына шумағы:
Тілің шықпай, жасыңда,
Бала болдың, сен мылқау.
Бір алуан жан, десетін,
Іштен шыққан, кем-сырқау.
Сырқат па, әлде, мінез бе?
Мұны қиын, жобалау.
Дәл он екі, жасыңда,
Бақыт қонды, басыңа.
Тілің шықты, сөйледің,
Қолдан-қолға, тимедің.
Төре, қара, қасыңда,
Бұлбұл құстай, сайрадың,
Топты көрсең, жайнадың.
Көріктей басқан, күпілдеп,
Көмекейің, бүлкілдеп.
Қалқаман батыр дарыны бірден байқалған баласы Жоламанды (Бұл – Бұқар жыраудың азан шақырып қойған аты еді) он алты жасқа келгенде Орта жүз баласының данасы Әнет бабаңның ақылымен Бұқардағы он екі пән ғылымнан дәріс беретін Көкілташ медресесіне оқуға береді.
(Алдабергенов Төлепберген,
Бейсетаев Рысбек)
“Мәшһүр Жүсіп Көпеев”
/Құрастырушылар:
Серік Нұрмұратов, Бақытжан Сатершинов, Алмасбек Шағырбаев.
Алматы: ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты, 2013 ж.,- 359 б.