КІСІГЕ АДАМШЫЛЫҚ НЕГЕ КЕРЕК?

20 тамыз 2025 168 0
Оқу режимі

Адамдық - өзге айуаннан артық демек!

Хакім Абайдан алғанымыз аз емес, аларымыз одан да көп. Қазіргі рухани тартыста Абайдың ұстанымын айшықтау өзімізге бағдар болары анық. Руханиятты іздейміз деп діннің де тай-талапайын шығармадық па?! Сондағы талпынып жүргеніміз адамшылыққа ұмтылу ма, әлде Құдайдың ризашылығы ма барлығы да ізгілік жолынан өтпей ме?!

Хакім Абай айтқандай: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады». Олай болса өзге жаратылыс иелерінен адамды ерекшелеп тұратын қасиет те адамның адамшылығы десек болады.

Қасиетті Құранда: «Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін жақсы үлгі -өнеге бар!» (Ахзаб, 21) делінеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде де: «Ізгілік (жақсылық) -көркем мінез-құлық. Ал жамандық болса, адамның арын мазалайтын нәрселер» (Мүслим, бирр,14) дейді.

Өткенде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын жарияланды. Алдымен Абай мұраларының жаңғыруы, көзқарастарының ұрпақ санасына құйылуы құптарлық жағдай. Абайдың еңбектерінде қазаққа қатысты ауыр мазмұнды пікірлер болғанымен, мұны сол замандағы замандастарын қайрау үшін айтқан деп жұбаныш табуға болады.

Абай шығармаларының басты мазмұны руханият, дін, кемелдік, ар, иман. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» дегендей Абайдың түпкі ойы адамның адамгершілігі яки кемелдігі. Ал адам қалай кемелденбек? Оның да жауабы Абайдың шығармаларында. «Көңілдің кірін қашыру, Жүректің көзін ашу, Хақтың сәулесін түсіру» деген не?

Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз жол емес.

Ынталы жүрек шын көңіл,

Өзгесі Хаққа қол емес, -дегенде ынталы жүрекке пенде қалай жетпек? Міне бұл Абай ілімінің іргетасы. Себебі, бескүндік дүниенің сауық-сайранын емес, екі дүниенің бақытын көздеу қарапайым адамдардың қолынан келмейді. Оның үстіне пендешіліктен арылған адам ғана «Адамзаттың бәрін бауырым деп сүймек!». Демек, Абай – кемел адам. Ал кемел адам үшін дүниенің мәні мен мағынасы иманда. «Әрбір ақылды адамға иман парыз. Ал әрбір иманды адамға ғибадат парыз» дегенде де осы мәселені басты назарға алып отыр. Неге десеңіз, иман – «бір жарық нұр». Ол кірген жерін жарқыратып, дүниенің мәні мен мағынасын ұғынуға көмектеседі.

Сондықтан да «Мүмин болсаң, алдымен иманды бол, пендеге иман өзі ашады жол». Осыдан кейін «Адамдықтың қарызы үшін еңбек қылу». Имандылық тек жатып ішерлік, тоғышарлық емес. Ішкі жан дүниенің тазалығы үшін иманды құлшылықпенен, тағатпенен Абайша айтқанда ғибадатпенен көмкеру керек. Әйтпесе әлсіз иман жаман достың, үмітсіз замандастың, нәпсі мен шәйтанның азғыруына шыдас беріп, қарсы тұра алмайды. Яғни адал кәсіп, біреуге жәутеңдемей еңбек қылу «Алланың сүйікті құлы болудың» жолы. Ал Аллаға сүйікті құл болған адамның жүрегінде кір бола ма?, Хақтың сәулесінен қараңғы қала ма, жүректің көзі жабық қала ма?!

Бірақ бұл айтылғандар сөз жүзінде болса бес тиынға пайдасы жоқ. Амал қылып, пайдаға асырмақ керек дүр! Имандылықты басынан кешірмеген адамның иманға шақыруы, кемелдік жолына түспеген адамның кемелдікке шақыруы, «Өзі шошқа өзгені ит деп ойлардан» басқа ештеңе емес. Оның сөзі қонымсыз, жасанды жағымпаздық, жұрттың көзіне иманды болып көрінуден басқа не болсын?!

 

Kenshilik TYSHKHANULY

 

 

 

Пікірлер Кіру