ИБН СИНА

Ибн Сина 980 жылы 16 тамызда Бұхара маңындағы Афшана ауылында дүниеге келген.
Он жеті жасқа қараған кезде, Ибн Сина дәрігер ретінде Бұхарада үлкен атаққа ие болып, Бұхарадағы әмір сарайына шақырылды. Ибн Сина аз уақыт ішінде билеушіні емдеп шығарды, ол әмірдің жеке дәрігері болып сайланды, сонымен қатар сарай кітапханасын пайдалануға рұқсат алды. Мүмкін, дәл сол Бұхара кітапханасында оның медицина бойынша қорытынды еңбегін жасау идеясы туындаған шығар.
Сол кезден бастап Ибн Синаның өмірі Иранның түрлі қалаларында бітпес қаңғырумен өтті. Ғалым Хамадан және Исфаханда өмір сүрді, онда ғылыми шығармашылықпен айналысты, нысана қызметімен шұғылданып, сондағы әмірлердің сарай маңындағы дәрігері болды.
***
Жас болсаң сен шындық жолын таңдаған,
Дауласпағын, надандар көп сандаған.
***
Ұзақ жасап, бір күндері өлеміз,
Тіреледі тұйыққа кеп кемеміз.
Үлгермейміз ештеңені біліп те,
Бұл өмірге келдік, кеттік неге біз?
***
Шындығында шарап – біздің досымыз,
Жын бар онда салдыратын тосын із.
Көп ішкенде дертті уға айналар,
Аздап ішсең, денсаулыққа пайда бар.
Сондықтан да аспаған жөн мөлшерден,
Қор етпейсің өміріңді өлшенген.
***
Қарап тұрсаң мына өмір ғаламат,
Мисыз дағы жол көрсетер даралап.
Табиғаттың кереметін қарашы,
Адамдарды біріктірер саралап.
***
Сен зұлымдық жасап алып өмірде,
Рақым сұрап енгің келер сенімге.
Зұлымдықты Тәңір бірақ кешпейді,
Зұлымдықты жоймаған жан өспейді.
***
Бұл ғаламның үлкен-кіші денелерін жатып-ақ,
Ғұламалық сөз бен ісін жүрдім талай бақылап.
Түйіндерді шешуде мен біраз сырға қанықтым,
Әйтсе дағы ажал сырын ұға алмай қалыппын.
***
Сен де есек кейіпке еніп, есектерден сұрасаң,
Ең ессізі «Ұлымын!» дер, құлап қалмай шыдасаң.
Ал бірінде көрінбесе есектің дәу құлағы,
Ол солардың бастаушысы болып шығар, шырағым.
***
Соқыр жандар күнді қалай көрмесе,
Ақымаққа шындық та жоқ ендеше.
***
Жақсылықтар жарып шығып жатса егер тұманды,
Алаңдамас ақыл байғұс ұмытып бар күмәнді.
***
Тәкаппарсып баса алмай жүрген болсаң кеудеңді,
Сен тіл алғыш есек болғын жалған дана жандарға.
Жақсы білер олар дәйім есектерді жемдеуді,
Жүрмес жіне есектерсіз атқан аппақ таңдарда.
***
Жүрегіміз жартас сынды махаббатқа байланған,
Сабырының арқасында қатқан тасқа айналған.
***
Қанағатпен ас жегейсің – айтар саған кеңесім,
Шарапты аз пайдаланғын, өртенбесін өңешің.
***
Қуанышпен қауышасың тыныш өмір сүрсеңіз,
Қан жылайды қара түнде менің жаным білсеңіз.
Ашық күнде адасып қап жүргенімді түсінсең,
Күркірейді кеудем кейде от-жалын боп күрсінсем.
***
Шарап құйған тостағанды аз көтерсең неғұрлым,
Шайқастарда күшті, батыл боласың ғой соғұрлым.
***
Жалбарынам, о, Тәңірім, жауабыңды бер маған:
Ұғындыршы мәңгіліктің мағынасын сен маған.
***
Теңіз сынды толқып жатыр мағынасы сөздердің,
Көптен бері оқып жүріп сырларына кез болдым.
Алайда мен шеше алмадым құпиясын ғаламның,
Көзім жетті оған толық жетпесіне санамның.
***
Ошақтағы жанып жатқан отты барып ұстама,
Жалынына жылынам деп өз-өзіңді қыстама.
***
Жүз есе артық жомарт жанмын өзгеден деп мақтанар,
Тілемсекті көрген шақта сырт айналып сақтанар.
***
Басмаменен бояп алам шашымды,
Осылайша қарайтамын басымды.
Көп ұзамай қырауланар алайда,
Қарғаға мен жете алмадым қалайда.
***
Қара түнді ығыстырып таңғы жарық қорқытар,
Түнектерді таң арайы шошындырып толқытар.
***
Қара түннің құрсауына қалған шақта қамалып,
Жарық күнге жетем бе деп ойға батам омалып.
***
Ұнатсаңыз піскен асты өсімдіктің майына,
Ондай асты көп жемеуді сақтап жүргін ойыңа.
***
Жастық шағым мәңгілікке келместей боп жөнеді,
Неліктен түн қап-қараңғы болып ылғи төнеді?
Аударған Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ