ДЕМОКРАТИЯ - ДАМУДЫҢ КЕПІЛІ

23 шілде 2025 548 0
Оқу режимі

Демократия - ғапылдықта ұйықтап жатқан жабайы адамның санасын оятып, дүниелік даму мен бақытқа және жарқын болашаққа итермелейтін бірден-бір ықпалды күш. Оның өткен шақта да осы шақта да және болашақта да ешқандай альтернативасы болмаған, болмайды да.

Егер осы ынта-жігерді қозғаушы күш болмағанда  адамзат диктатураның зынданында мәңгі қалар еді. Тіпті, бізді құлдық санадан арылтатын жалғыз жол да осы арқылы жүзеге асады. Сондықтан, барша адамзат: “Демократия   мәңгі жасасын” - деп тілек жаудыруға мәжбүр.

Егер біз, демократияны дамудың қайнар көзіне айналдырсақ, одан нәр алып өсіп-өнсек, бұрыңғы өмірмен салыстырғанда әлде қайда шарықтай түсетініміз анық.

Қасиетті Құранның өзі: “Істері өзара кеңесу арқылы шешіледі” (Шура сүресі, 38-аят) - деп әділетті шешімдерге келу жолдарын көрсетсе, ардақты пайғамбар Мұхаммед (с.а.у): سيد القوم خادمهم яғни, көшбасшы халққа қызмет етіп, өз пайдасынан халқының пайдасыны жоғары қояды деп сипаттайды. Демек, Құран мен хадис бізді демократияның өзегі болған кеңесуге бұйырады. Ал, шариғат өктемшіл диктатураны тоқтату үшін келгенін көрсетеді.

Осы жолды ұстану даму мен өркендеудің жалғыз  кепілі. Себебі, қазақтағы: “Ақылдасып пішілген тон келте болмас” - деген керемет даналық сөз осы демократияның локоматив күшіне айналады. Осы қағиданы негізге алу, 30 жыл бойы қордаланған мәселелеріміздің шешімін әр саланың нағыз мамандарына жүгініп, олармен кеңесу арқылы еш қиындықсыз тауып береді.

Осылай жасасақ, тек біздің санамыз емес Азия мен Балқан түбегінде көміліп жатқан ежелгі мәдениет те қайта тіріледі. Тіпті, екі миллиард мұсылманды құлдықтан құтқарудың жалғыз шарасы және оларды бір тән мен бір жанға айналдыратын да осы демократиялық жол.

Осы дара жол бізге былай деп үндеу жасайды: Уа адамзат! Диктатура, надандық, фанатизм, жабайылық, қырсықтық, мылжыңдық, кекшілдік, жасандылық дейтін ең жаман ауруларыңды   еркіндік, плюрализм, ғылым мен технология, өзара сүйіспеншілік пен бірлік деген дәрілермен емдеп қайтарыңдар. Әйтпесе, қараңғылықтың зынданында мәңгі қалып қоясыңдар!

Демек, ауа сияқты ыдыраңқы болып тұрған халық демократиялық өзгерістерге сусап отыр деуге болады. Бас-басына би болған диктаторлар оны қаламай тұрғаны анық көрінеді. Сондықтан, Отан үшін өзгерістерге жол ашуды сұраймын!

Демократия қашан хаққа, әділетке және бөліп-жармауға негізделсе ғана тұғырлы болады.  Менің ойымша, күш заңда болуы керек, әйтпесе озбыр диктатура бірнеше бөлімшелерге бөлініп кетеді. Кландық топтар белең алады. Нәтижесінде жаңадан тәй-тәй басып  кележатқан демократия тұншығып өледі.

Абай болыңыздар! Бесікте жатып әлі-ақ өсіп-өнемін, ер жетіп азамат боламын деген демократияны нәпсі құмарлыққа, өзім білемдікке, өктемшілдік пен озбырлыққа салынып тұншықтырып өлтіріп алмаңыздар!

 

Исламтанушы, PhD докторы Темур АМАНҚҰЛ

Пікірлер Кіру