БӘРІ КЕШ БОЛМАЙ ТҰРҒАНДА…

Кішкентайыңда теледидардың алдына жатып алып ұйықтап қаласың.
Анаң басың қисайып жатыр деп жастық қойып кетеді.
Білмейсің, байқамайсың.
Қазір өз балаң ұйықтап қалғанда – дәл солай жастықты түзеп қоясың.
Сонда ғана түсінесің…
Бір досыңмен араласпай кетесің.
“Алдымен өзі жазсын, мен неге иіле беруім керек?” дейсің.
Көп ұзамай оның парақшасында қара рамка пайда болады…
Сонда ғана бәрі кеш екенін түсінесің.
Кей адамдар өміріңнен үнсіз кетеді.
Нақты себеп жоқ.
Жәй ғана хабарласпай кеткенсің.
Көшеден көріп қаласың — екеуің де жымиясыңдар, бірақ амандаспайсыңдар.
Себебі бір кездері тым жақын болғансыңдар…
Бауырларыңмен де дәл солай алыстап кетуің мүмкін.
Баяғыда бірге өскен, бірге күлген адамдар енді салқын.
Себеп те жоқ – бір кезде біреуі жазбай кетті, бір кезде екіншісі ренжіп қалды.
Енді ешкім ешкімге бірінші болып жазбайды.
Сөйтіп, туыстық тек “аты” ғана қалады…
Уақытымен айтылмаған “кешір”, “жақсы көрем”, “сағындым” деген сөздер – кейін саған тастай батып, жүрегіңде қала береді.
Сен бәрін үлгерем деп ойлайсың.
Жақсы көретін адамдар мәңгі жанымда сияқты көрінеді.
Бірақ бір күні… жәй ғана “кешір” деп айта алмай қалуың мүмкін.
Сондықтан:
– Ренжіссең де, кешір.
– Қимасаң – хабарлас.
– Сағынсаң – айт.
– Күні ертең бәрін айтқың келгенмен… ешкім қалмауы мүмкін.
Осы жазбаны оқып бітірген соң, ұзақ үндемей кеткен бір адамға жай ғана “қалайсың?” деп жаз. Кейде бәрі – сол бір хабардан басталады.
Гүлжанар Несіпбекқызының парақшасынан