АС БЕРУ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРСАҚ (Бізге «Ғұрыптық қызметтер хаттамасы» да қажет)

14 тамызда Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы бірлесе отырып «Ас беру мәдениеті: салт сабақтастығы, ұрпақ ұлағаты» деген тақырыпта дөңгелек үстел басындағы сұқбат өткізді. Онда Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, діни басқарманың «Дін мен дәстүр» бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Әуезханұлы, Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы, ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу және марқұмды жөнелту рәсімін біріздендіру» тақырыбында өз ойларын ортаға салды. Сол дөңгелек үстелде біз де баяндама жасаған едік, қоғамдық өткір мәселе болған соң сол баяндаманың ықшамдалған нұсқасын төменде назарларыңызға ұсынып отырмын.
* * *
Құдайы Ас беру – қазақ халқының өлім жөнелтудегі ежелден келе жатқан дәстүрі. Кей жерде бұған марқұмның осы дүниедегі соңғы дәмі деп қараса, басым жерлерде бұл қаралы үйдің марқұмға о дүниесі жақсы болсын деп берген садақасы деп қарайды. Соңғысы көңілге қонады.
Құдайы Ас негізінен жаназа шығарылып, марқұм жерленіп келген соң беріледі. Зират басынан оралған жерлеушілер тобы үйдегілермен көрісу рәсімін жасайды. Молда марқұмның жатқан орнында Құран оқиды. Көр қазғандар дастархан басында құрметпен арнайы орынға отырғызылады. Мәйіт жатқан жерге майшам жағу, бидай шашу жергілікті жердің ерекшелігі болуы ықтимал. Шариғатқа қайшы амал ретінде мұндай көріністер тоқтатылғаны дұрыс болады.
Қаралы дастархан дарақылықты көтермейді. Құдайы ас мәзірі қарапайым болғаны жөн. Ас та – төк ысырапшылдыққа жол берілмейді.
Қазақта марқұмды сол қайтыс болған күнінде яғни таңертең қайтыс болса –түсте, түсте қайтыс болса кешке жерлеу дәстүрі жоқ. Оны үйінде бір түн қондырады. Оны түнету дейді. Түнету кезінде кей жерлерде мәйітті күзету деген болады. Мәйіт жатқан бөлменің жарығын өшірмейді. Таң атқанша ұйқтамай марқұмды еске алып әңгіме, уағыз айтып отырады. Кей жерлерде мәйіт жатқан бөлмеге қаптатып майшам жағып қояды. Отбасы мүшелері арасында қорқыныш, үрей сезімдерін сейілту үшін бұл жоралғыны сақтауға болатын сияқты.
Қонақ асы – марқұм жерленбей тұрғанда көңіл айтып келгендерге, алыстан жеткен туған-туыс, құда-жегжатқа арнап кешке берілетін ыстық дәм. Онда жаназасы әлі шығарылмағандықтан Құран оқылмайды. Қонақ асын қаралы отбасын үлкен шығынға ұшырататын мейрамхана, кафеде емес көрші-қолаңның, жақын туыстардың көмегімен өз шаңырағында ықшамдап берген жөн бола ма деп ойлаймыз. Негізгі мақсат – қаралы үйге күш түсірмеу, артық салмақ салмау. Қасиетті Құран и Кәрімнің «Ағраф» сүресінің 31 аятында: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Расында Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» дейді ғой.
Қонақ асы мен Құдайы астағы сөз. Қонақ асы мен Құдайы астағы көңіл айту лебіздері жарыссөзге айналмау керек. Мұнда негізінен марқұмның өмір жолынан үзіктер, қатар-құрбыларының шағын естеліктері, шариғат жолы мен имандылық тәртіптері айтылғаны дұрыс. Сөйлейтіндер саны шектеулі болуға тиіс. Төрт-бес адам айтса жетеді. Тойдағы тілек айтушылар сияқты ұзақ-сонар дүниелер жараспайды. Қонақ асы мен Құдайы аста видеоматериал көрсетілмейді.
Әйел образы жаңа ұрпақ әкелумен, өмір жалғастығымен ерекшеленеді. Сондықтан Қонақ асы мен Құдайы аста, қаралы жиында әйелдердің шетінен шешенсіп өзеуреп бірінен кейін бірі сөз сөйлеуі көңілге мүлде қонбайды. Мұндай орынсыз әдетті шектеу қажет.
Тағы бір айта кететін нәрсе, жергілікті жердің ғұрпы-әдеттеріне қарай мына мәселелерді түбегейлі шешу қажет. Айталық, жаназа алдында «Төбе тарату» деген бар. Тайпа, ру, ата-атаға шапан таратылады.
«Жыртыс» деген бар. Ол көбіне жарты метрлік мата түрінде әйел адамдар арасында таратылады.
«Тәбәрік» деген бар. Ол жасы үлкен әйел адамдар қайтыс болғанда ине-жіп немесе басқа ұсақ-түйек заттар түрінде, орамалға түйілген ақша түрінде беріледі.
«Тиын шашу» – жаназадан соң мәйіт шығарылып бара жатқанда артынан күміс ақша шашылады.
Міне, өлім жөнелтуге байланысты осындай аумақтық дәстүрлер бар. Оларды реттеу үшін, ұлттық бір ізге салу үшін діни басқарманың арнайы пәтуасы қажет сияқты. Өйткені бұлардың бірқатары шариғат талаптарына қайшы болып жатады.
Тағы бір қиындық, марқұм танымал тұлғаның (ол өзін мұсылман санап өткен) әйелі орыс болса немесе орыс мінезді атеист туыстары болса кебіндеуге қарсы болып, костюммен жерлеуді, марқұм әскери адам болса табытқа әскери формамен салуды талап етіп тұрып алады. Оны көндіру өте қиынға түсіп жатады. Осындай жағдайдың алдын алу үшін құзіретті органдар тарапынан бәріне ортақ ғұрыптық қызметтер хаттамасы (протол ритуальных услуг) жасалып бекітілгені дұрыс сияқты...
Сіздер қалай ойлайсыздар?
Жазушы-публицист
Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев)